Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әкімшіліктен  келдім»

02.07.2026, 10:00 56

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Әкімшіліктен келген маманды көрген Күнекей орнынан тұрып, күлімсіреп:

– Хош келдіңіз! — деді.

– Қалалық әкімшіліктен едім.

– Не мәселе?

– «Қала тұрғындары көршілерімен қалай араласады?» деген тақырыпты зерттеп жүрмін. Әкім тапсырмасы. Кейінгі кезде кеңпейіл болмай бара жатырмыз. Мәселен, көпқабатты үйлерге кіріп шықтым. Қарама-қарсы есіктегі көршісін танымайды ғой. Сіз келесі коттедждегі көршіңізді танисыз ба? — деп сұрады.

– Жоқ, — деді Күнекей күмілжіп, кофесінен бір ұрттап қойып.

– Міне, қайда барамыз, қазақ? Ол – қала прокуроры! Қала прокурорын танымау – ұят! Одан кейінгі үйде кім тұрады?

– Адамдар.

– Жоқ, адамдар тұрмайды.

– Кімдер тұрады екен?

– Мықтылар тұрады. Кіріс департаментінің бастығы тұрады. Онымен араласпайсыздар, танымайсыздар, — деген ол қағаз-қаламын алып, жаза бастады.

– Аты-жөніңіз?

– Күнекей Жауқашарқызы.

– Күнекей Жауқашарқызы, көршілеріңізді танып алыңыз. Бұл – қала әкімінің тапсырмасы. Егер көршілеріңізбен араласпасаңыз, суыңыз бен жылуыңызды, жарықты қымбаттатып жібереді. Біз бір қаланың адамдарымыз. Жүріңіз.

– Қайда?

– Әділдікті жақтамайтын прокурордың үйіне.

– Неге?

– Көршілер араласып тұруы керек. Сіздерді таныстырып кетемін.

– Ой, ыңғайсыз екен.

– Міне, сіздер оны, олар сіздерді менсінбейді. Мысалы, менің көршім – жай ғана сантехник. Күнде соның үйіндемін. Соның үйінен тамақтанамын. Кейде өзі жоқта қонып та қаламын. Жүріңіз…

Күнекей Риконың соңынан ілесті. Коттедждің сыртқы көрінісі өте керемет екен. Олар есік қағып тұрғанда, ақ түсті «Джип» бұрылып келіп тоқтады. Ішінен көзі сықсиған, саусақтары быртиған, мойны жоқ адам түсті. Семіз екен. Ыңыранып келіп:

– Сендер кімсіңдер? — деп сұрады

– Кешіріңіз, көршіңізді таныстыра кетейін деп едім. Қалалық әкімшіліктенмін.

– Көршім болса қайтейін?

– Араласып тұрыңыздар.

– Ағайыныммен араласпағанда, көршім қалып еді, аулақ жүріңдер! — деген көрші қақпасын пультпен ашып, ауласына көлігімен кіріп кетті.

Күнекейдің ыңғайсызданғаны соншалық, «қалалық әкімшіліктен» келген маманмен қоштаспастан, жүгіре басып кетіп қалды…

Сіз көршіңізді танисыз ба?

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: shutterstock.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: