Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Болашақтың» болашағына сенім бар ма?

02.07.2026, 8:40 50

Мемлекет жыл сайын дарынды жастарды әлемнің жетекші университеттеріне жібереді, оқуына миллиардтаған теңге жұмсайды. Мақсаты бір. Дайын маман елге қайтып келіп, мемлекеттік қызметте істесін, басқару жүйесіне білімін, тәжірибесін қоссын. Десе де, ресми есеп пен өмірдегі жағдайдың арасында алшақтық бар. Шетел көрген буынның елдегі ғылым-білімді дамытуда алар ықпалы зор десек те, бағдарламаның шарапатын көріп, соңында елге қайтпай қалған жас та аз емес. Ал мемлекет олардан грантты қайта өндіре ме, соны саралап көрейік.

«Болашақ» бағдарламасын әкімшілендіретін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның мәліметінше, бағдарлама 30 жылдан астам тарихында 12 мыңнан аса маман­ды шетелде оқытқан. Осы кезеңде елге қайтып оралмағаны үшін шәкіртақыдан айырылғандар саны – небәрі 235 адам, жалпы түлектердің 1,9 пайызы. Қызығы, орталықтың өзі бір жыл бұрын баспасөзде басқа санды атаған. Сол кезде «30 жылдағы оралмағандар» саны 180-ге жуық, яғни 1 пайыз делінген еді. Бір ведомствоның бір тақырып бойынша  екі түрлі есебі шықты.

Орталықтың деректері бойынша ресми түрде елге «оралған» түлектердің жұмыспен қамту құрылымы былай көрінеді. Мемлекеттік органдарда барлығы 31 пайызы қыз­мет атқарады, квазимемлекеттік секторда 16,2 пайызы, жеке компанияларда 42,8 па­йызы жұмыс істейді. Бағдарламаның түпкі мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін білікті кадрмен қамтамасыз ету екенін ескерсек, кескініміз ресми баяндамада көрсетілгеннен басқаша. «Оралу-оралмау» көрсеткіші ғана жарияланады да, «оралғандардың» нақты қайда қызмет ететіні көп жағдайда екінші орынға  ысырылады.

Queen Mary университетінің түлегі, қар­жыгер Дарын Мәукенов жастардың шетелге неге ұмтылатынын, ал оралғандардың неліктен жұмыс таппай жүргенін түсіндір­ген. Оның айтуынша, жұмыс жоқ емес, бар, бірақ жастар 100-150 мың теңгелік жалақыны аздық санап, бос жүргенді жөн көреді. «Болашақ» түлегінің бес немесе екі жыл мемлекетке еңбек ету міндеттемесі бар екенін, бұл шарттың ауыр болмайтынын, негізгі мәселе жастардың шетелдегі өмірге тез  үйреніп  кетуінде  жатқанын  айтады.

Биылғы тамызда Астана қаласының маман­дандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарастырған бір іс осы жағдайдың нақты мысалы болды. 2013 жылы Boston University-де магистратураға «Болашақ» стипендиясымен түскен жас маман оқуын, тағылымдамасын аяқтаған соң жеке ұйым­дарда қызмет еткен. Кейін экономист лауа­зымында жауапкершілігі шектеулі серіктес­тікте онлайн форматта, қашықтан жұмыс істей бастаған. Сот 2023 жылғы 1 мамырда оның Қазақстаннан кеткенін және содан бері елге оралмағанын анықтаған. Жас маман Ғылым және жоғары білім министрлі­гіне қарсы талап арыз түсіріп, Республика­лық комиссияның шәкіртақыдан айыру шешімін заңсыз деп тануды сұраған. Сот талап­ты қанағаттандырмаған, өйткені талап­кер стипендияны Қазақстан аумағында  өтеу  талабын  орындамаған.

Биылғы сәуірде Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Қаскин бұрынғы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Болашақ» бағдарламасын басқаруда елеулі тәуекелдер бар екенін мәлімдеді. Оның келтірген деректері бойынша жалпы іріктеу талаптарына сәйкес келмесе де, министрліктің жеке шешімімен 340 үміткерге 7,7 миллиард теңге сомасында стипендия тағайындалған. Бұған қоса бекітілген квотадан тыс тағы 151 стипендия  берілген.

Стратегиялық маңызы бар бағыттарда да квота толық орындалмаған. Жасанды интел­лект саласы бойынша жоспарланған 54 стипендияның бесеуі ғана тағайындалып, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген. Мемлекет өзі айқындаған басым саланы қаржыландырмай, қаражатты басқа жаққа жұмсаған  көрінеді.

Аудиторлық палатаның жалпы есебінде соңғы бес жылда жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын қаражат 246 миллиард теңгеден 472 миллиард теңгеге дейін, екі есеге жуық өскені айтылады. Қаржыландыру екі еселен­генімен, сапа, ашықтық және нәтиже­лілік көрсеткіштері  соған  сай  көтерілмеген.

Бюджет қаражатының бақылаусыз жұмсалуы оқшауланған жағдай емес. Аудиторлық палатаның бөлек тексерісі бойынша 2022-2024 жылдары шамамен 24 мың студент жоғары оқу орнынан шығып қалған, олардың біліміне мемлекет 19,6 миллиард теңге бөлген. Осы студенттердің 10 мыңы бойынша жүйеде пайдаланылған грант сомасы туралы мәлімет мүлдем жоқ, қаражатты қайтарудың толыққанды тетігі де қаралмаған. Бұл – нақты «Болашаққа» қатысты дерек емес, бірақ мемлекеттің білім беруге бөлген қаражатты қалай қадағалайтынын көрсететін  параллель  мысал.

«Болашақ» аясында бақылау тетігі бар, стипендиат міндеттемесін орындамаса шәкіртақыдан айырылады, оқуға кеткен қаражатты толық өтеуге міндеттеледі, бас тартқан жағдайда мәселе сотқа беріледі. Стипендиаттар кепілге жылжымайтын мүлік қояды немесе кепілгер тартады. Бұл тетіктің жұмыс істейтінін көрсететін дерек те бар, бір жылдың өзінде қатаң бақылау нәтижесінде міндеттемесін орындамаған стипендиаттардан бюджетке 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Сонда сұрақ туады. Дәл осындай қатаң есеп пен қайтарым тетігі стипендия беру кезеңінің өзінде, яғни критерий­ге  сай  келмейтін  340 үміткерге  7,7 миллиард  теңге  бөлінбес  бұрын  неге  жұмыс  істемеген?

Жоғары аудиторлық палатаның мәліме­тінше, іріктеу талаптарына сай келмейтін үміткерлерге стипендия министрліктің жеке шешімімен тағайындалған, яғни шешім тәуел­сіз ведомствоаралық орган саналатын шетелде кадрлар даярлау жөніндегі респуб­ликалық комиссияның жалпы рәсімінен тыс қабылданған. Бағдарлама әкімшісі болып табыла­тын Халықаралық бағдарла­малар орталығы стипендия беру не одан айы­ру шешіміне әсер ете алмайтынын бұрын өзі мәлімдеген, бұл – толықтай министрлік пен комиссияның құзыретінде. Демек, аудит анықтаған заңбұзушылықтар бойынша жауап­кершілік те министрлік  деңгейінде  қаралуы  керек.

Министрліктің аудит қорытындысына қандай нақты шара қолданғаны, жауапты адамдардың тағдыры қалай шешілгені туралы әзірге ашық ақпарат жоқ. Мемлекет әр стипендиатқа жылына айтарлықтай қаражат жұмсай отырып, түлектің елге оралу-орал­мауын ғана емес, қай салада, қандай меншік нысанындағы ұйымда қызмет ететіні жөнінде де ашық есеп беруі қажет көрінеді. Әйт­песе «Болашақ» мемлекеттік кадр дайындау бағдарламасы ма, әлде жеке сектор мен шетел­дік компанияларға арналған тегін білім беру жобасы ма?» деген  сұрақ  ашық  қала  береді.

Е.ҚАЛИЕВ

Коллаж: автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: