Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үндемейтін әке феномені

02.07.2026, 7:00 36

Әке деген баласы үшін жанын беруге бар. Баласы ауырса түн ұйқысын төрт бөліп дәрі іздейді, тарықса жер астынан болса  да амалын тауып нәпақа табады, аш қалса аузындағысын жырып береді. Бірақ дәл сол баланы бауырына қысып, «балам, мен сені жақсы көремін» деуге келгенде тас түйіліп қалады. Дүниедегі бар ауыртпалықты арқалаған еркектің тілі осынау бір ауыз жылы сөзге келгенде ғана күрме­леді. Бала есейіп, өзі әке болғанша әкесінің жүрегінде не бар екенін біле алмай өтеді, кейде әке бақилық болғанда барып, оның суық қабағының астында ыстық мейірім жатқанын аңғара­ды. Қазақта мұндай әке аз емес, шынын айтсақ, басым көпшілігі осындай. Балаларын жанындай жақсы көре тұра, соны бір ауыз сөзбен жеткізе алмай, махаб­батын маңдай теріне, мейірімін үнсіз қамқорлығына жасырып өткен әке көп. Үндемейтін әке деген, міне, осы.

Бұл феноменнің тамыры тым тереңде, ол тәрбие мен дәстүрден бастау алады. Қазақ баласы, әсіресе ұл бала, жас­тайынан «жылама, сен ер баласың» деген сөзбен өседі. Жығылып жыла­са, «ұл бала жылай ма?» деп ұял­та­ды, ренжіп көзіне жас алса, «соған да жаси ма ер адам?» деп тыйым сала­ды. Сөйтіп бала есею жолында сезімін ішке жұтуды, ауырт­палықты үндемей көтеру­ді, көңіл күйін сыртқа шығармауды үйрене­ді. Ержеткенде ол сезімін білдіруді мүлде  ұмытады, тіпті оны әлсіздік санайды. Махаббатын айту, қуанышын бөлісу, ренішін жеткізу деген оның түсінігінде еркектікке жараспайтын қылық болып қалыптасады.

Міне, осылай тұтас бір буын сезімін бекітіп ұстауды ерлік деп білетін болып өседі. Бұл мінездің ең айқын көрінісі әке мен бала арасында байқалады. Үнде­мейтін әке баласын шексіз жақсы көреді, бірақ оны сезіндіре алмайды. Бар білдіретіні сол, баласы үздік оқыса, иығынан бір қағып қояды, бір іс тындыр­са, басын изеп мақұлдайды. Ал бала болса әкенің салқын жүзіне, суық міне­зіне қарап, оны шынайы суықтық деп қабыл­дауы  мүмкін. «Әкем мені жақсы көр­мейді  ғой» деген ой баланың жанын жегідей  жейді. Шындығында әке оны өзінен де артық сүйеді, тек соны айта алмайды. Осы айтылмаған сөз, осы білдірілмеген сезім екеуінің арасына көрінбес қабыр­ға тұрғызады. Бала есейгенде әкесіне жақындай алмай, сыр бөлісе алмай, өзі де үндемес болып шығады. Сөйтіп бір үйде тұрған әке мен бала бір-бірін түсінбей, жат адамдай алыс жүреді. Психологтар мұндай жағдайда өскен бала­ның кейін өз сезімін білдіруде, басқалармен жақын қарым-қатынас құруда қиналатынын  айтады.

Дәл осы құбылысты зерттеген маман, психолог Ғалияш Мақашева мұның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тізбек екенін  атап  өтеді.

– Көп отбасында әке бала өміріне физи­калық жағынан да, эмоционалды тұрғыдан да аз араласады. Бала тәрбиесі­мен көбіне анасы айналысады, ер адамдар «мен не істей алам?» деп тартынады. Егер әкеге бала күнінде өз әкесінің назары жетіспеген болса, ол өскенде де сол модель­ді қайталайды. Сондықтан әр әке өзі жаңа формула жасауы керек. Өз баласына жан жылуын беруге талпынса, ұрпақ арасындағы осы олқылықты тоқтатуға болады, — дейді  психолог.

Мамандардың пайымынша, мұндай үнсіздіктің тамыры ұл баланы тәрбиелеу үлгісінде жатыр. Қазақ отбасында ер бала­ға көбіне «не қалайсың, не ойлай­сың?» деп сұрамай, тек «былай істе, олай істе» деп үйретуші тұрғыдан қарай­ды. Сол себепті ұл бала жастайынан өз сезімін, ішкі қалауын айтуға еркіндік алмай өседі, ал ержеткенде сол үнсіздік оның да бойына дарып, өз баласымен қарым-қатынасында  қайталанады.

Осы үнсіздік тек балаға емес, жұбайға да ауыр тиеді. Үндемейтін әке әйеліне де жылы сөз айтпайды, мақтамайды, еркелетпейді. Оның сүйіспеншілігінің бар дәлелі сол, үй-ішінің қамын ойлайды, балаларын асырайды, тұрмыстың тау­қыметін көтереді. Еркектің түсінігінде отбасын асырау, шаңырақты тік ұстаудың өзі – махаббаттың ең үлкен айғағы. Бірақ әйел жүрегі басқаша, оған кейде материалдық қамқорлықтан гөрі бір ауыз жылы сөз, бір сәт мейірім қымбат. Осы екі түсініктің арасындағы алшақтық талай шаңырақта үнсіз мұң болып қала­ды. Әйел «осы кісі мені шыны­мен жақсы көре ме?» деп күмәнданса, еркек «мен бұл үшін түн ұйқымды бұзып жұмыс істеп жүрмін ғой, тағы не керек?» деп түсінбейді. Екеуі де бірін-бірі сүйеді, бірақ сүйіспеншіліктің  тілін  әрқалай түсінеді.

Сонда мұндай үнсіздік мүлде жаман нәрсе ме? Бұл сауалға бір жақты жа­уап беру қиын. Қазақ халқы көп сөйле­ген кісіден гөрі үнсіз отырып іс бітірген азаматты қашанда қадір тұтқан. «Аз сөйле, көп тыңда», «сөзден іс артық» деген ұстанымдар ердің салмақтығын, байсалдығын дәріптейді. Шынында да, ішкі әлемі бай, сабырлы, мойымайтын еркектің бойындағы үнсіздік – оның терең­дігінің белгісі. Мұндай адам бос сөзге салынбайды, әр сөзін салмақтап айтады, артық шуылдамайды. Бұл – еркектің асыл қасиеті. Алайда салмақтылық пен сезімсіздіктің арасында жіңішке шек бар, ал көп әке дәл сол шектен аттап кетеді. Олар үнсіздікті асыл қасиет деп ұстана отырып, байқамай ең жақын адамдарын мейірімінен қағып қалады. Бүгінгі заман бұл феноменге басқаша қарауды талап етіп отыр. Қазіргі психология мен педагогика баланың әке мейірімін сезіп өсуінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп берді. Әке сүйіс­пеншілігін ашық білдіріп өскен бала өмірге сенімді, жаны жарасымды, өзін бағалай білетін азамат болып  жетіледі. Ал әке тек қабағы­мен ғана тәрбиелесе, бала жүрегінде бір кемістік, бір толмастық қалады. Сондықтан бүгін­гі жас әке атадан жалғасқан үнсіздік дәстүрін қайта қарауға мәжбүр. Баласына бір ауыз «сенімен мақтанамын» деп айтудан, жарына «саған рақмет» деуден еркектік кемімейді, қайта артады. Себебі нағыз батырлық сезімді жасыруда емес, оны  дұрыс  жеткізе  білуде  жатыр.

Әрине, ғасырлар бойы қалыптасқан мінезді бір күнде өзгерту оңай емес. Үндемей өскен әке үшін кенеттен сезімтал болып кету жасандылық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жерде үлкен өзгеріс емес, кішкене қадам жеткілікті. Баланың  басынан бір сипау, көзіне қарап бір күлімсіреу, ауыр сәтте бір жылы сөз айту – осының өзі тұтас бір қабырғаны құлата алады. Маңыздысы, әке өз сезімінен именбеуі, оны білдіруді әлсіздік санамауы керек. Өйткені бала үшін әкенің бір ауыз жылы сөзі мың теңгеден де, мың қамқорлықтан  да  қымбат.

ТҮЙІН. Үндемейтін әке феномені – қазақ  қоғамының  бір шындығы  әрі  оны  мойындайтын уақыт жетті. Бұл феномен – жаман адамдардың емес, жақсы көре тұра соны айта алмайтын, ұлттық тәрбиенің ыңғайымен үнсіз қалған әкелердің феномені. Олар кінәлі емес, өйткені өздері де солай тәрбиеленген. Бірақ бүгінгі ұрпақ осы үнсіздік шынжырын үзуге, сезімін ашық білдіретін жаңа буын әке болуы тиіс. Сонда ғана балалар әке мейірімін сезіп өсіп, ертең өз балаларына «жақсы көремін» деп айтудан именбейтін болады. Ал бұл шынжырды үзу – әлсіздік емес, нағыз  даналық,  нағыз  ерлік  дер едік.

Е.ҚАЛИЕВ.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: