Халқымызда «Ананың ақ сүтін ақтау» деген ұғым бар. Бұл деген ата-ананың алдындағы парызды өтеу, олардың тілін алу, айтқанын тыңдау деген сөз. Ата-ана баласы үшін жанын беруге дайын, түн ұйқысын төрт бөліп, бар жақсылықты соған арнайды. Сол ата-ananың тілін алу, сөзін сыйлау – әрбір баланың борышы. Өкінішке қарай, бүгінгі кейбір жастар осы қарапайым шындықты ұмытып бара жатқандай.
Ата-ана баласына жамандық тілемейді. Олар өмірден көп нәрсе көрген, тәжірибесі мол адамдар. Сондықтан олардың айтқан кеңесі, берген ақылы әрқашан баласының игілігі үшін. «Ерте тұр, сабағыңды оқы, жаман жолдан аулақ жүр» деген сөздердің бәрі бала қамын ойлағаннан туады. Ал кейбір жас осыны түсінбей, ата-анасына қарсы шығады, сөзін тыңдамайды, өз бетімен кетеді. Мұндай бала көбіне опық жейді, кейін өкінеді.
Ата-ана тілін алу деген өз ойың болмасын деген сөз емес. Әрине, әр адамның өз пікірі, өз арманы болуы керек. Бірақ үлкеннің тәжірибесіне құлақ асып, олармен ақылдасып әрекет ету – даналықтың белгісі. Қазақта «Үлкен сөзі – үлкен жол» деген мақал бар. Үлкеннің сөзін тыңдаған бала ешқашан жолда қалмайды, өйткені ол басқалардың қателігінен сабақ алады, дұрыс жолды таңдайды.
Бүгінгі заманда интернет пен әлеуметтік желінің әсерінен кейбір жастар ата-анасынан алыстап барады. Олар үлкенмен сөйлесудің орнына телефонға телміреді, ақыл тыңдаудың орнына жат әсерге еліктейді. Бұл өте қауіпті құбылыс. Себебі ата-ананың орнын ешкім, ешнәрсе баса алмайды. Сондықтан жастар үлкенмен жиі сөйлесіп, олардың тәжірибесінен үйренгені, сырласқаны жөн.
Қорыта айтсам, ата-ана тілін алу – бұл әлсіздік емес, керісінше тәрбиелі, парасатты болудың белгісі. Ата-анасын сыйлаған, сөзін тыңдаған бала өмірде де бақытты болады, ел-жұрттың да құрметіне бөленеді. Біз, жастар, ата-анамыздың ақ батасын алып, олардың тілін алып өссек, болашағымыз жарқын болмақ. Ендеше ата-анамызды сыйлайық, олардың әрбір сөзін алтындай бағалайық, өйткені олардың бізден тілейтіні – тек жақсылық пен бақыт.
Оразәлі Бағдәулет Бауыржанұлы,
Қызылорда қаласы №112 мектептің 11 сынып оқушысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!