Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды. Айыптар жария етілді

16.06.2026, 17:25 60

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды halyqline.kz.

Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша, яғни көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды.

Отырыс басында төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков айыпталушы тараптың істі қысқартылған тәртіппен өткізу туралы өтінішінен прокуратура бас тартқанын мәлімдеді.

Прокурор Ұлжан Әбдіраманова оқыған айыптау актісінде блогер әлеуметтік желідегі парақшасында қараушыларды көбейту мақсатында резонанс тудыратын бейнероликтер жариялағаны айтылды. Айыптаушы тараптың пайымынша, Молдахан 2026 жылдың 21 наурызында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша жағымсыз деректер айта отырып, полиция қызметкерлері туралы теріс пікір қалыптастырған.

– Айыпталушы Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев және Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаев туралы ешқандай дәлелсіз, бизнесте ықпалды азаматтардың балаларына қамқорлық танытқаны жөнінде бейнежазба таратқан, – деді прокурор.

Сот барысында екі жәбірленушінің адвокаттары да блогерге азаматтық талап-арыз қойды. Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов та, Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов та өз қорғауындағы азаматтың кәсіби беделіне нұқсан келгенін айтып, әрқайсысы моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығынына 1 млн теңге өндіріп беруді сұрады.

Еске салайық, өткен отырыста Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауға өтініш білдірген болатын. Бұған дейін бір миллионнан астам оқырманы бар блогер ұсталып, оған 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, кейін бұл мерзім екі айға ұзартылған еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: