Алматыда Yandex Qazaqstan компаниясының жасанды интеллект басқаратын роботаксиі таныстырылды. Жобаны кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyqline.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа технология Қазақстанның көлік вице-министрі Дәмір Қожахметовке көрсетілді. Таныстырылым министрліктің зияткерлік көлік жүйелерін дамыту және елде пилотсыз технологияларды енгізу мүмкіндіктерін зерттеу жұмыстары аясында өтті.
Алғашқы кезеңде роботакси пилоттық режимде, шектеулі бағыттарда сынақтан өткізіледі. Бұл тәсіл технологияны қаланың нақты жол жағдайларына бейімдеуге мүмкіндік береді. Компания өкілдерінің мәліметінше, сервисте диспетчерлермен тәулік бойы байланыс орнатылып, барлық сапар сақтандырылады. Пилотсыз көлікті басқару жүйесі жасанды интеллект технологияларына, жол қозғалысын үздіксіз бақылауға және қауіпсіздік алгоритмдеріне негізделген. Жоба сәтті жүзеге асып, жүйенің сенімділігі дәлелденген жағдайда қызметтің ауқымы кеңейтілмек.
Бұл бастама бірден пайда болған жоқ. Бұған дейін Алматы қаласы цифрландыру басқармасы өкілдері 2026 жылдың 1 мамырына дейін мегаполис көшелеріне 50 пилотсыз көлік шығаруды жоспарлағанын мәлімдеген еді. Жалпы пилоттық жоба үш жылға есептелген және Астана мен Алматы қалаларын қамтиды.
Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пилотсыз такси жобасын Yandex Qazaqstan-мен қатар inDrive компаниясымен бірлесіп дайындап жатыр. inDrive жобаға басқа кезеңдер мен бағыттарда, оның ішінде Алматыда қосылады. Қазір қаладағы таксопарктер үшін қозғалыс схемалары жобалау сатысында тұр.
Қазақстандық жоба халықаралық тәжірибеге сүйенеді. Әлемде автономды көлікті де осындай біртіндеп, қауіпсіздікке қойылатын жоғары талаптармен енгізіп келеді. АҚШ-та Tesla компаниясы Техаста роботаксиді сынақтан өткізіп жатса, Waymo бірқатар қалада коммерциялық сапарларды жүзеге асырып үлгерді. Қытайда пилотсыз таксиді Baidu мен Pony.ai компаниялары дамытуда.
Айта кетейік, технологияны заңды түрде енгізу үшін тиісті дайындық та жүргізілуде. Қазақстанда роботаксиге қатысты негізгі ұғымдарды енгізіп, оны пайдалану тәртібін айқындайтын заңнамалық түзетулер дайындалған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!