Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада «WornerBros» қаржы пирамидасына қатысты үкім шықты

10.06.2026, 10:25 120

Қызылорда қаласында «WornerBros» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғаға қатысты сот үкімі шықты. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеген.

Тергеу дерегінше, ұйымдастырушы азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көріп, табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқан. Қатысушыларға арнайы рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, VIP-пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Бұл пакеттердің құны 10 мың теңгеден 11 млн теңгеге дейін жеткен.

Платформаға қосылғандарға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табуға болатыны айтылған. Сонымен қатар әр жаңа қатысушыны алып келгені үшін бонус төленіп отырған. Осылайша азаматтарды жүйеге үздіксіз тарту көзделген.

Қаржы пирамидасын насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған. Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және әрі қарай аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды.

Сот санкциясымен 3 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Мамандар азаматтарға күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмас бұрын олардың заңдылығын тексеріп, жоғары табыс уәде ететін платформаларға сақтықпен қарау қажет екенін ескертеді. Әдетте мұндай схемаларда табыс нақты кәсіптен емес, жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен төленеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: