Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің  мақтаншақтар

06.06.2026, 8:30 41

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Әлемде мақтанудан алдына жан салмайтын президенттер бар. Мақтаншақтар детекторы пайда болғалы бері мақтанып тұрып, өтірік айтатындар «Біз ол елдің астанасын екі күнде басып аламыз!», «Шығыста соғысты бір аптаға жеткізбейміз!», «Африкада аштық тоқтайды!», «Зымырандар орнына балалар үшін ойыншықтар шығарамыз» деп айтып алып, артынша масқара болды. Тіпті әр саладағы биліктің мақтануы халықтың ызасын келтірді. Шенеуніктер:

– Айды жерге бұрынғыдан да жақындатамыз! Бұлттың үстінде тұратын болады!

– Күн нұрымен тамақтанатын боламыз!

– Енді әлемде қыс болмайтындай етіп, адамдар тек жаздық киіммен жүретін болады! Киім үнемделеді!

– Біз өзге елдерден озып кеттік!

Бірақ ол ел ең артта қалған ел еді.

Ғалымдар:

– Мен адамдардың ұзақ жасауы үшін «Ұзақ жасағыңыз келсе, мүлде ұйықтамау керек» деген ғылыми еңбек жаздым. Нағыз жаңалық!

– Академик болдым! Бірақ ештеңе жазған жоқпын.

– Жаңалық туралы жаңалық аштым!

Бірақ ол ешқандай жаңалық ашқан жоқ еді.

Бір жазушылар былай мақтанды:

– Мен «Алғашқы адам» атты тарихи романды екі күнде жазып бітірдім! Адамдар адамнан жаралған екен!

– Өлеңімді өзім ғана оқимын десем, әйелім де оқиды екен!

– Мен сұмдық жазушымын! Кітабымды оқыған адам жынданып кетті!

Бірақ ол сұмдық жазушы емес еді. Блогерлер былай мақтанды:

– Мен ТикТокта бір ұлы тұлғаны «Байқамай қоңыз жеп қойып, жиіркеніп өлді» деп жазып едім, он миллион қаралым болды!

– Менен бәрі қорқады. Өзім де қорқамын…

Бірақ одан ешкім қорықпайтын еді. Мақтаншақ тарихшылар біздің елде де масқара дамып кеткен! Бір тарихшы: «Қазақ халқы 1931-33 жылдары ашаршылықта қырылып кетпес үшін бірінің етін бірі жеген. Ағасы аман қалуы үшін інісі өзін жегізген. Не деген бауырмалдық!» деп әлеуметтік желіге мақтанып жазды. Ол ашаршылықтың барлық қасіретін егжей-тегжей сипаттады. Тек сол қасіреттің солтүстіктен келгенін сипаттайтын жерге келгенде сиясы бітіп қалыпты. Бұл мақаланы оқыған халықтың қаны ызадан басына шапты. Әлеуметтік желіде де, көшеде де наразылық бұрқ ете қалды:

– Әй, тарихшысымақ! Сонда зұлматты ұйымдастырған жендеттерді ақтау үшін ата-бабамызды каннибал етіп көрсетпексің бе?! — деп айғайлаған жұрт оның көзін ет тазалағыш шимен шұқып ала жаздады.

– Бауырмалдық дейді ғой! Сталин мен Голощекиннің қылмысын жасыру үшін енді тарихты да мақтанышқа айналдырдыңдар ма? Келесі жолы «Ашаршылық – ата-бабамыздың диетасы болған» деп мақтанатын шығарсыңдар! — деген бір қария оның басына таяғымен салып қалды.

Бұл сөзден кейін тарихшының өзі де мақаласын қайта оқып шығып, мақтанған жерін таба алмай қалды.

Ал біздің қазіргі шенеуніктер де мақтанудан жарыс бастады. Бір депутат: «Мен мойындай салдым. Қазақстан Айыппұлстан емес екен ғой. Қазақ елі халыққа айыппұл салудан алдыңғы қатарда» деп мақтанды. Тағы бір шенеунік: «Менің қызым Африка жігітіне тұрмысқа шықты!» деп кеудесін кергенде, кеудесі жыртылып кете жаздады. Прокурор: «Біздің елде демократия!» деп айғайлады. Артынша бір белсендіні қамауға алуды соттан сұрады. Ой, не керек, әлем мақтаншақтары Мақтаншақтар детекторынан кейін өтіріктері әшкере болып, көздерінен өтірік жас деген субұрқақтай ақты. Әлемнің әр қаласында көз жастан тасқын пайда болды.

– Ойпырмай, билік те жылайды екен ғой? — деп таңғалды халық.

Сол тасқында батыста бес жүз, шығыста екі жүз, Азияда алты жүз адам ағып кетіп, бір елден, бір елге жетті. Мақтаншақтар көз жастарының дәмі де өзгеше еді… Қышқылы басым, тіпті улы жас. Әлем бойынша сегіз жүз адам уланып қайтыс болып, кейін тіріліп кетті. Құдайым-ай, халықтың көз жасынан сақтасын!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: papik.pro

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: