Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерекеде балалар ауруханасының емделушілері сыйлық алды

01.06.2026, 17:05 81

HALYQLINE.KZ

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов облыстық көпбейінді балалар ауруханасына арнайы барды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен аймақ басшысына аурухана жұмысы таныстырылып, балалар денсаулығын нығайтуда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды.

Медициналық мекемеде 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге қызмет көрсетіледі, 420 төсек-орынға есептелген, 13 бөлімше бар. Салаға көрсетілген қолдаудың арқасында өңірдегі сәби өлімі 20,2 пайыз, бала өлімі 16,4 пайыз, ал жалпы аурушандық 9,8 пайыз төмендеген.

Мұрат Нәлқожаұлы саламатты орта қалыптастыру, аурудың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыруға қатысты жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Әрі қарай емделушілерді бүгінгі мерекемен құттықтап, арнайы әзірленген сый-сияпатты табыстап, ақжарма тілегін арнады.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы аурухананың сәулелі диагностика бөліміндегі МРТ аппаратының жұмысын көрді.

Еске салайық, кейінгі жылдары «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы Жаңақорғанда және дәл осындай орталық Арал ауданында да ашылды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы да пайдалануға берілді.

«Қазақстан халқына» қорымен тұрақты әріптестіктің арқасында 10 млрд теңгеден астам қаржыға маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асты, оның 5 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласына бағытталды. Бұл қаржыға «Қамқорлық» оңалту орталықтарына медициналық жабдықтар, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды.

Бүгінде ана мен бала өмірін сақтау, денсаулығын жақсарту, демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін Қызылордадағы Президент саябағы аумағынан 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салынуда.

Бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, сол жағалауда және Титов шағын ауданында емханалар бой көтеріп келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: