Бүгінде жастар арасында өзекті мәселелер аз емес. Соның бірі – ұялы телефонға тәуелділік. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде алаңдаушылық туғызып отырған күрделі мәселе. Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындар жастардың уақытын ұрлап, олардың білім алуға, өзін-өзі дамытуға және еңбек етуге деген ынтасын төмендетуде. Бұл құбылыс тек жастарға ғана емес, барлық жас санаттарына тән болғанымен, оның кері әсерін көбіне жас буын сезінеді.
Жастар арасында алаңдататын тағы бір мәселе – жұмыссыздық. Жоғары оқу орындарын тамамдап, диплом алғанымен, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар аз емес. Жастар жұмыссыздығы бүгінде көптеген мемлекеттер сияқты Қазақстан үшін де маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі болып отыр. Жұмыссыздық деңгейінің өсуі қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, қылмыс көрсеткішінің артуына, психологиялық қиындықтардың көбеюіне және жастардың болашаққа деген сенімінің әлсіреуіне әсер етеді.
Дегенмен, жастар үшін үлгі боларлық тұлғалар аз емес. Мәселен, қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі, тарихшы әрі этнограф Шоқан Уәлиханов небәрі 29 жасында өмірден өтсе де, ғылымға қосқан зор үлесі арқылы тарихта өшпес із қалдырды. Сондай-ақ, атақты боксшы Бекзат Саттарханов 20 жасында Австралияның Сидней қаласында өткен 2000 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. Ал әлем чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен өз таланты мен табандылығының арқасында Қазақстанның атын дүниежүзіне танытты.
Ұлт мақтанышына айналған осындай тұлғалардың жетістіктері жастарға жігер беріп, үлкен мақсаттарға ұмтылуға үндейді. Сондықтан жастардың білім алуына, шығармашылық және кәсіби тұрғыдан дамуына, қоғамға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету маңызды.
Ақын Мағжан Жұмабаев:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!» – деп жырлағандай, ел болашағы – жастардың қолында. Сондықтан олардың әлеуетін ашуға жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті.
Кәусар Әбдімәлік,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті
Фото: ашық дереккөзден алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!