Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Каналдар тазаланып жатыр

01.06.2026, 9:00 36

HALYQLINE.KZ

Биыл Қазалы ауданында су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ауданның сол жағалау алабындағы 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 қашыртқылар жүйесін реконструкциялау және механикалық тазалау жұмыстары басталуда. Жоба аясында 6 аумаққа 19 насос орнатылып, жалпы ұзындығы 89,94 шақырым болатын қашыртқылар механикалық тазалаудан өтеді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Аталған жобаның жалпы құны 2 млрд 405 млн 497 мың теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 2026 жылға республикалық бюджеттен 801,832 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар, Қызылқұм ауылдық округі аумағындағы «Нартай» каналын механикалық тазалау жұмыстары да қолға алынды. Қазіргі уақытта 2-ГД қашыртқысын тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Бозкөл ауылдық округі аумағындағы 2-ГД қашыртқылар жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Сонымен қатар, Қызылқұм ауылдық округіндегі «Нартай» каналында атқарылып жатқан механикалық тазалау барысын көріп, мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, 2-ГД қашыртқылар жүйесін тазалау арқылы Өркендеу және Аранды ауылдық округтеріндегі егістік алқаптарынан суды тиімді шығару мүмкіндігі артады. Ал «Нартай» каналын тазалау нәтижесінде «Жуанбалық» учаскесіндегі шабындық және жайылымдық жерлерге су еркін жетіп, жердің өнімділігі жақсарады.

Аудан әкімі жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру арқылы халықты мал азығымен, соның ішінде шөппен қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.

Қазіргі уақытта нысандарда механикалық тазалау жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: