Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдық спортшы — Азия чемпионы

30.05.2026, 11:30 38

Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мирас Махамбет Вьетнам мемлекетінің Дананг қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы U17 Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Азия чемпионы атанды.

Азияның кіл мықтылары бас қосқан байрақты бәсекеде 65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық балуан жоғары деңгейдегі шеберлігі мен қайсар мінезінің арқасында барлық қарсыластарынан басым түсті. Финалдық белдесуде Өзбекстан елінің өкілі Сардор Махмудовпен кездескен Мирас тартысқа толы белдесуде 3:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.

Жас спортшы жарыс барысында бірнеше белдесуді сәтті өткізіп, халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғады. Әсіресе, шешуші кезеңдерде тактикалық сауаттылығы мен төзімділігі айқын көрініс тауып, жанкүйерлер мен спорт мамандарының жоғары бағасына ие болды.

Бұл жеңіс – тек спортшының ғана емес, отандық спорт саласының, бапкерлер қауымының және Сыр өңірі спортының ортақ жетістігі. Мирас Махамбеттің Азия чемпионатындағы жарқын жеңісі жас спортшыларға үлкен серпін беріп, қазақстандық грек-рим күресінің әлеуетін тағы бір мәрте танытты.

Сыр елінің тарланы халықаралық аренада Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқатып, көк Туымызды көкте желбіретті. Ел абыройын асқақтатқан чемпионға алдағы жарыстарда толағай табыстар мен жаңа биіктер тілейміз!
Жаттықтырушысы: Таңатаров Ардақ (№19 ОРМБЖ мектебінің жаттықтырушысы)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: