Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына мінген бойжеткенге айыппұл салынды

28.05.2026, 18:00 71

Астанада Қаламгерлер аллеясындағы «Үш бәйтерек» ескерткішінде жазушы Бейімбет Майлиннің мүсініне мініп, суретке түспек болған бойжеткенге 216 250 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyqline.kz Buzyq дереккөзіне сілтеме жасап.

Оқиға елордадағы Қаламгерлер аллеясында болған. Әлеуметтік желіде тараған суретте бойжеткеннің «Үш бәйтерек» композициясындағы Бейімбет Майлин мүсінінің мойнына мініп отырғаны көрінеді. Қолында фотоаппараты бар ол ескерткіш үстінде суретке түспек болған.

Бұл жайт туралы алғаш болып журналист Дүйсенәлі Әлімақын жазды. Оның айтуынша, оқиға өзі Қаламгерлер аллеясында демалып отырған кезде болған.

«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім, мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. «Бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем, «Что что» деуден ары аспады. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?», деп жазды журналист.

Желі қолданушылары бұл әрекетті мәдени орынға және тарихи тұлғаға құрметсіздік деп бағалап, ескерткішке мінгендерді жауапқа тарту керегін жазды. Кейін бойжеткенге әкімшілік шара қолданылғаны белгілі болды.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабында қоғамдық орындарда балағат сөйлеу, жеке тұлғаларға тиісу, айналасындағыларға құрметсіздік білдіру, қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Сондай-ақ ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көлікті және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау да әкімшілік жауапкершілікке негіз болады.

Осы баптың тиісті бөлігі бойынша мұндай әрекет үшін елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен жиырма тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Биыл 1 айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болғандықтан, айыппұл көлемі 216 250 теңгені құрайды.

Айта кетейік, «Үш бәйтерек» ескерткіші қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге арналған. Аталған қаламгерлер қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятының дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар ретінде белгілі. Қаламгерлер аллеясы елорда тұрғындары мен қала қонақтары жиі баратын қоғамдық орындардың бірі саналады.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде ескерткіштер мен мәдени нысандарға қатысты тәртіп мәселесі қайта талқыланды. Желі қолданушылары қоғамдық орындардағы мүлікке ұқыппен қарау, тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштерге құрмет көрсету және мұндай әрекеттердің жауапкершілігін түсіндіру қажет екенін жазып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: