БҮГІНГІ САТИРА
Әлемде, тіпті біздің елде өтірік айтпайтын адам қалмады. Әйелі күйеуіне өтірік айтады, баласы әкесіне өтірік айтады. Әкім президентке есеп берерде өтірік айтады. Тіпті министрлердің өзі өтірікті судай ағызады. «Халыққа жағдай жасап келеміз, анауды бітірдік, мынауды бітірдік» дейді өтіріктен ескерткіш тұрғызып. Кешікпей Өтірік министрлігі құрылды. Бұл министрлік өтірік айтушы шенеуніктерге қарсы жұмыс істейтін болды. Олардың өтірігін әшкерелеп, мониторинг жүргізетін министрлікті мақтайтындар, жұмыстарын ақтайтындар көбейді. Министр Өтірікбай Уәдебайұлы депутаттар алдында:
– Былтырға қарағанда биыл бес миллион алты жүз алпыс мың өтірік жойылды. Екі миллион екі жүз мың уәде орындалды. Бес миллион өтірік айтайын дегендер өтірік айтпай қалды. Тіпті елімізде өтірік айтатын шенеуніктер табылмай қалды! — деп өтірік айта бастады.
Сосын ол қалың папканы көтеріп:
– Бұл көрсеткіштер халықаралық стандарт бойынша есептелді. Өтіріктің әрбір килограмы арнайы формуламен өлшенді. Ғалымдарымыз бір адамның күніне орта есеппен үш жүз қырық екі грамм өтірік айтатынын дәлелдеді, — деді.
Депутаттар таңғалған болып бас изесті. Содан не керек, депутаттардың бірі:
– Өтірік министрлігін тексеретін Тексеру министрлігі құрылатын болсын! — деді.
Көп ұзамай Тексеру министрлігі құрылды. Министрлікті мақтайтындар, «жақсы тексеріп жатыр!» деп ақтайтындар табылды. Министр Тексербай Тексермесұлы депутаттар алдында:
– Біз Өтірік министрлігін мұқият тексердік. Арнайы зерттеу нәтижесінде шенеуніктердің тоқсан тоғыз бүтін жүзден тоқсан тоғыз пайызы шыншыл екені анықталды. Қалған нөл бүтін жүзден нөл бір пайызы әзірге шындықты шамадан тыс айтып қойғаны үшін бақылауға алынды, — деді. Ол да өтірік айтып тұрған еді. Көп ұзамай Тексеру министрлігін тексеретін министрлік құрылды. Ол да өтірікті қымыздай сапырды. Ақырында халық Шындықтың қайда қалғанын білмей қалды…
Арада бір апта өткенде барлық министрлік пен әкімдіктердің үрейін ұшырып, берекесін қашырған Шындық есімді «диверсант» анықталды.
Бұл азамат кез келген ресми жиналысқа заңсыз кіріп алып: «Бұл өтірік қой!» деген экстремистік ұрандар тастап, шенеуніктердің есептерін жоққа шығарумен айналысқан.
Содан кейін жоғары деңгейдегі «Өтірікті қорғау және Шындықты зерттеу» арнайы комиссиясы құрылды. Үш ай бойы түн ұйқысын төрт бөліп тексерген комиссия мүшелері сұмдық фактінің бетін ашты.
Шындықтың айтып жүрген сөздері, өкініштісі сол, расымен де… шындық болып шықты! Комиссия шұғыл түрде келесідей шешім қабылдады: «Шындық қоғамға және мемлекеттік тұрақтылыққа аса қауіпті элемент деп танылсын. Себебі, оның шындығы халықтың «бәрі керемет» деген тәтті ұйқысын бұзады. Барлық шенеунікке Шындықпен байланысқа түспеу үшін «Өтірік маскасын» киіп жүру міндеттелсін. Енді елде тыныштық орнады. Өтірік өрге жүзіп, Шындық тиісті орнына, темір тордың арғы жағына жөнелтілді.
Жыл соңында Астанада әлем өтірікшілері саммиті басталды. Саммит алдында мемлекеттік арналар күні-түні:
– Біздің ел әлемдегі ең шыншыл мемлекеттердің қатарында екенін өтірік айтып тұрған жоқпыз. Кейбір көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр. Кейбір көрсеткіш бойынша екінші орында. Ал қалған көрсеткіштер құпия болғандықтан жарияланбайды, — деп хабарлап жатты.
Саммит басталардан бір күн бұрын әлеуметтік желілерде:
«Шындық өтірікшілер арасынан табылды!», «Өтірік ресми түрде жеңілді!», «Әлем өтірікшілері Қазақстан тәжірибесін көшіріп жатыр!» деген жазбалар қаптап кетті. Кейін олардың бәрін бір адамның мың екі жүз жалған аккаунттан жазғаны белгілі болды. Кешікпей саммит басталды.
– Әлем өтірікшілеріне жалынды сәлем! Бізде де роботтар өтірік айта бастады. Бастапқыда олар адамдардан үйренді деп ойладық. Кейін зерттей келе адамдардың роботтардан үйреніп жүргенін анықтадық. Роботтар өтірік айту бағдарламасын өздері жаңартып алыпты. Қазір олар бізге сенбейді, — деді Жапониядан келген министр.
Америка конгресмені:
– Біз өтірікпен күресуге бес жүз миллиард доллар бөлдік. Кейін аудит жүргізіп қарасақ, ақша өтірікпен күреспеген, керісінше оны дамытуға жұмсалып кетіпті, — деді.
Зал қол соқты. Оның рас айтып тұрғанына ешкім сенбеді.
– Біз өтірік өмір сүріп жатырмыз! Өмірдің өзі – өтірік! — деді Ағылшын министрі.
Қазақстанның Өтірік министрі сөз алды. Ол өтірік жымиып:
– Құрметті қонақтар! Біз сіздерді бұл саммитке өтірік айтып шақырған едік. Негізгі мәселе Шындықтың түрмеден қашып кетіп, қайда жасырынғанын талқылау болатын. Ал Шындық туралы саммит өткізу қай күні өтірік айтамыз, сол күні белгілі болады, — деді.
Саммит аяқталған соң қатысушылар Шындықтың табылғаны туралы декларацияға қол қойды. Кейін декларацияның өзі жалған болып шықты. Сонымен келесі жылы өтетін Шындық саммитінің өтірік өтетіні алдын ала жарияланды. Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: flomaster.top
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!