САТИРА
Аяқ астынан ағамыз науқастанып қалып, үй іші түн ортасында әбігерге түсті. Қырсық қылғанда, ол айлап жалақы алмағанда, үйсіз пәтер жалдап тұруға шыдайды да, ауруға шыдамайды.
«Ойбай, өліп барам, ойбай, тынысым тарылды, жүрегім түйнейді, тамағым қарылды. Тез дәрігер шақырыңдар» деп безілдеп барады. Жүгіріп телефонның құлағына жабыстым.
— Әлеу, жедел жәрдем бе?
— Жоқ, ішкі істер бөлімі тыңдап тұр. Тыныштық па?
Телефонның құлағын қайта бұрадым.
— Әлеу, әлеу, жедел жәрдем бе? Скорый деймін, немене түнгі бикештер…
Құдай-ау, мына телефон қайда барып түсіп тұр?
Үшінші рет 03-ті қайта бұрадым.
— Жедел жәрдем көрсету бөлімі тыңдап тұр.
— Қарындасым-ай, 112-шағын ауданның №150 үйінде бір адам қатты науқастанып жатыр.
— Кім болсаңыз да, сәлем-сауқат қайда? Еще қарындас дейсіз, өзіңіз қай жылғы боласыз?
— Менің жасымды қайтесіз, мұнда ағам қиналып жатыр.
— Ну и что, мен де ауырып тұрмын. Бұлай қарсы сұрақ қоя берсеңіз, трубканы тастап жіберемін. Маған бәрібір, сенен де басқа аурулар жетеді.
— Ойбай, айналайын тастамаңыз, сіздікі дұрыс. Тездетіп үйге келіңіздерші.
— Агашкаңның қай жері ауырып жатыр?
— Денесі қызған үтіктей ысып тұр, қол тигізбейді. Онысымен қоймай бір сөздерді айтып сандырақтап сөйлеп жатыр.
— Не айтып жатыр?
— «Азаттық», «Еркіндік», «Сөз бостандығы» дей ме, осы сөздерді қайталап айта береді, айта береді.
— Қайда жұмыс істейді?
— Редакцияда.
— Онда ағаң жүйке ауруымен ауыратын болды.
— Ойбай, неге олай дейсіз, ол сау адам, журналист.
— Негізі крышасы кеткендер осылай сандырақтап ауырады. Оның емі басқаша болады.
— Қойыңызшы, сіз де қай-қайдағыны айтып…
— Ағаң жас па, үйленген бе?
— Пәлендей жаста емес, бірақ үйленбеген сұр бойдақ.
— Бойдақ болса, конечно денесі қызады. Слушай, қазір бізде машина жоқ, машина болса бензин жоқ, бензин болса дәрігер жоқ. Қазір жедел жәрдемнің жаңа қызметі шықты. Ол – телефон арқылы ем жасау. Сен, ана телефон арқылы махаббат дегенді естіп пе едің…
— Естімедім.
— Өзің еркекпісің?
— Әрине…
— Ладно, ендеше мені мұқият тыңда. Қызуы көтеріліп, аузына келгенін айтып сандырақтап жатқан ағаңды ваннаға апар да төбесінен төрт шелек мұздай суды құй. Естіп тұрсың ба?
— Ия.
— Үйде анальгин бар ма?
— Бар.
— Бес түйір анальгинді бірден ішкіз де, денесін жалаңаштап, еденге етпетінен жатқыз. Денесінің қызуы бірден қайтады. Және есін жияды. Если что, менімен қайтадан хабарлас… тіңк, тіңк…
Сүйтті де, кезекші медбике қыз трубканы тастап жіберді. Оның айтқанын екі етпей орындадық. Ағамның қызғыны қайтқан сияқты. Бірақ, ойбай иегі қалшылдап, тісі-тісіне тимей барады. Қайта алдында тілі сөйлеуге келетін еді, енді күрметіліп, үн-түнсіз бозарып, қатып қалды. Өзі де қазақшаға шорқақ еді. Әрең дегенде жаттап алған қазақша сөздері есінен шығып, еріндері көгеріп кетті. Оның еденде жатып қалшылдағанынан үйдегі ыдыстар да сылдырлай түсті. Төменгі қабаттағы көршілеріміз оянып, жылу жүйесі жүргізілген батареяны темірмен соғып жатыр. Бізді түн ортасында ерігіп билеп жатыр деп ойлаған болуы керек. Жүгіріп қолыма тағы телефонды алдым.
— Алло, жедел жәрдем бе?
— Ия, тыңдап тұрмын.
— Қайтадан мазалағаныма кешіріңіз, алдындағы сіз айтқан емдеріңіздің бәрін орындадық. Ағамның қызғыны қайтты. Бірақ, қалшылдап тоңып барады. Қабақтарына мұз қатып, қол-аяғы сіресіп қалды.
— Үй салқын ба еді?
— Жоқ.
— Ол солай болуы тиіс. Қорқатын ештеңесі жоқ. Енді ағаңды ваннаға апарып, төбесінен төрт шелек ыстық су құй да, көрпеге орап таста.
— Қарындасым, үстіне біресе мұздай су, біресе ыстық су құятын ол иогамен айналысқан адам емес қой.
— Ту, опять қарсы сұрақ қоя бастадыңыз, дәрігер сен бе, әлде мен бе? Онда ағаңды өзің емдеп ал.
— Қойдым, кешіріңіз, тек жай әншейін сұрап жатқаным ғой.
— Үйде аспирин бар ма?
— Бар.
— Тағы да бес түйірін бірден аузына сал да орап, қымтап таста. Енді жазылады.
— Айтқаның келсін. Жарайды, сау болыңыз.
Ағамызды серейтіп, көтеріп қайтадан ваннаға апардық. Төбесінен төрт шелек ыстық су құйдық. Дәрігер қыздың айтқаны келді. Бет-аузы жыбырлап қимылдай бастады. Қол-аяғы да қозғалғандай болды, әйтеуір. Мұз боп қатып қалған кірпіктері еріп, көзін ашты. Бәріміз аспанға секіріп қуандық. Бұл кезде таң да бозарып ата бастады.
Иә, жедел жәрдем үйге келмесе де, ағамызды аман алып қалды. Рас. Астапыралла, түстен кейін ағамыз аурудан құлан-таза айығып, шауып кетті. Бірақ,, ағам әлгінде сандырақтап айтып жатқан сөздерін ұмытып қалыпты… Әлде, дәрігер қыздың емі әер етті ме?
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: c8.alamy.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!