Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудан орталығындағы автомобиль жолдарына жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу және Т.Бөріқұлақов, Жетес би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын көріп, жол құрылысының сапасын бақылады, деп жазады баспасөз қызметі.
Аудан басшысы алдымен Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту» жобасының жүзеге асу барысын көрді. Қазіргі уақытта айналма жолдың жер тегістеу, тас төсеу, каналдарға темір-бетонды плиталар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзындығы 3,192 метрді құрайды. Мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналма жол құрылысын шілде айына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Аудан әкімі мердігер мекеменің басшысына аталған жол құрылысы кент орталығындағы Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жол кептелісінің алдын алуға және тұрғындар қауіпсіздігіне үлкен септігін тигізетін маңызды жоба екенін жеткізіп, жоспарланған жұмыстарды ең бастысы сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Бүгінде аудан орталығындағы В.Счастнов орамы, Жанқожа 3 шақырым, Төремұрат жырау орамы, Ы.Жақаев және Ш.Қалдаяқов сынды 13 көшеге ағымдағы жөндеу және Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Сүлейменов көшелерінің асфальт қабатының тозған бөліктерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы кент көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын да көрді. Әйтеке би кентінің әкіміне жол сапасын күнделікті бақылап, белгіленген жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау керектігін ескертті.
Аудан басшысы Әйтеке би кентін аралау барысында жол жөндеу жұмыстарымен қатар Т.Бөріқұлақов, Жетес би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жобасын көрді. Жобаға сәйкес, Бөріқұлақов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы 1,6 шақырымға созылады. Қазіргі уақытта мердігер мекемелер «Ақнұр Авто» және «Айым алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әсіресе балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына мүмкіндік беретін жаяу жүргіншілер жолын салу жобасының маңызына тоқталған аудан әкімі мердігерлерге жұмыстарды сапалы етіп, тезірек аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Аудан әкімі кент көшелеріндегі санитарлық тазалық мәселесі бойынша да кент әкіміне бірқатар кемшілікті көрсетіп, шұғыл тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!