Атырау қаласындағы орталық көпір маңына 50-ден астам көлік жүргізушісі жиналып, өңірге арнайы өзге аймақтан келген қосымша күштің қандай қызмет істейтінін білмек болды.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жүргізушілерді шетелде тіркелген және транзит нөмірлі машиналарға қатысты сұрақтар алаңдатты.
Жүргізушілер әлеуметтік желіде Атырауға арнайы келе жатқан полиция қызметкерлердің не себепті келе жатқаны және нені тексеретіні туралы ақпарат болмағандықтан жиналған.
Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, прокурорлар бастаған топ олармен кездесіп, сұрақтарға жауап берген.
Олар көлік жүргізушілеріне әдеттегі патрульдік жұмыс, заң талаптарын сақтағандарға ешқандай шара қолданылмайтынын айтқан.
ПД мәліметінше, іс-шараға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген полиция қызметкерлері тартылды.
– 21-23 мамыр аралығында өңір аумағында рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Осы кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарады. Негізгі мақсат — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзудың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, – делінген ресми хабарламада.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, жол бойында және халық көп шоғырланатын аумақтарда бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізеді.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!