Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты тағылымды кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы, «Қызылорда нюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты Айжан Абдуллаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожакелдіұлы және ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Жиында қасиетті Сыр өңірінің шежірелі мекені Сырдария ауданының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін, рухани болмысы мен тарихи тағдырын кеңінен қамтыған «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың маңыздылығы жан-жақты айтылды. Аталған еңбек ауданның сан ғасырлық шежіресін, ел бірлігі мен ынтымағын, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі өмір жолын, туған жердің табиғаты мен мәдени мұрасын кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртатын құнды туынды екені атап өтілді.
– «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты тағылымды еңбек – жай ғана кітап емес, ауданымыздың сан ғасырлық тарихын, елдің бірлігі мен тірлігін, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі жолын, туған жердің табиғаты мен мәдени мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртатын құнды туынды. Кітапта Сырдарияның өткені ғылыми негізде зерделеніп, тарихи деректер мен ел аузындағы құнды мәліметтер жүйеленіп берілген. Сырдария – тамырын тереңге жайған, тарихы бай, руханияты кемел өңір. Бұл қасиетті топырақтан елге танылған батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері шыққан. Сондықтан осындай еңбектің жарық көруі аудан тарихына деген құрметтің, келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі деп білемін. Жаңару мен жаңғыру кезеңінде аудан тарихын түгендеп, рухани мұрамызды ұлықтау – аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл кітап туған жердің тарихын тануға, өскелең ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға қызмет етеді деп сенемін. Тарихын таныған елдің болашағы баянды болмақ. Кітапты әзірлеуге атсалысқан ғалымдар мен зерттеушілерге, өлкетанушылар, қаламгерлер мен музей қызметкерлеріне, сондай-ақ осы игі іске қолдау білдірген азаматтарға аудан халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – көпшіліктің ортақ еңбегі мен жанашырлығының нәтижесі, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар, Жұмабай Байзақ, Марат Омаров және Айжан Абдуллаева, Асхат Қожакелдіұлы сөз сөйлеп, жаңа кітаптың тарихи-танымдық маңызына тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді. Олар аталмыш еңбектің ел тарихын түгендеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Кеш барысында кітаптан сыр шертіліп, аудан тарихына қатысты құнды деректер мен тағылымды естеліктер айтылды. Рухани кешке жиналған көпшілік жаңа туындыға жоғары бағасын беріп, тұсаукесер рәсіміне куә болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!