Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арзан суды үнемдеуге ешкімнің құлқы болмайды

21.05.2026, 8:40 60

«Бір автокөлікті жууға тариф бойынша 5 теңгенің суы жұмсалса, кәсіпкер 5000 теңге табыс табады. Демек, мұншалықты пайдаға кенелгендер суды үнемдеу мәселесін қолға ала ма?».

Бұл пікірдің иесі – «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның директоры, қоғам қайраткері, Қазақстандағы су саласының майталманы Анарбек Орман. Кейіпкеріміздің сөзінше, елдегі ауызсу тарифі тым арзан. Сол себепті, көпшілік оны үнемдеу туралы еш ойламайды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында да аяқ суды бейберекет пайдалану дерегі тоқтамай тұр. Ескірген инфрақұрылым тағы бар.

– «Әлемде су үшін соғыс басталып кетті» деуге болатындай. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым тұрғындарды суды үнемдеп пайдалануға шақыруда. Алдағы жылдары ауызсу мен аяқ судың тапшылығы Қазақстанға қалай  әсер  етеді  деп  ойлайсыз?

– Өте орынды сұрақ. Жалпы, Қазақстандағы пайдаланылатын судың жартысынан көбі көрші мемлекеттерден келеді. Шыны керек, Қытай, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей елдерінен келетін су ресурстарына тәуелдіміз. Сондықтан «су жоқ» деп қарап отырмай, бар суды ұтымды пайдалануымыз  қажет.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселені өте орынды көтерді. Егер суды орнымен, мәде­ниетті түрде пайдаланатын болсақ, оны  барлық  салаға  жеткізуге  болады.

Мысалы, ауызсу мәселесіне тоқ­талсақ, бізде суды пайдалану мәдение­ті әлі толық қалыптаспаған. Себебі, су тарифі арзан болғандықтан, халық суды үнемдеуге аса мән бермейді, суды орынсыз пайдалануға үйреніп қалған. Бұрын ауылда адамдар суды құдықтан немесе бұлақтан, су арналарынан тасып ішетін. Бір отбасы бір күнде 40-50 литр сумен күн көретін. Ал қазіргі уақытта бір адам тәулігіне шамамен 200-250 литр су пайдаланады. Бұл – суды шамадан  тыс  тұтынудың  көр­сеткіші.

Сондықтан, ең алдымен судың нақты есебін жүргізу керек. Есепсіз ешқандай ресурс тиімді игерілмейді. Қазіргі цифрландыру мен жасанды интеллекті дамыған заманда әр тұтынушының су пайдалану көлемі нақты бақылануы  тиіс.

Екінші мәселе – инженерлік инфрақұрылымдардың жағдайы. Мысалы, Шымкент қаласында су 35 шақырым жерден тасымалданады. Қалада 1,2 миллионнан аса халық тұрады және суды 2000 шақырымдық құбыр жүйесі арқылы жеткіземіз. Егер сол құбырлар ескірсе, судың көп бөлігі жолда ысырап  болады.

30 жыл бұрын Шымкентте судың шамамен 47 пайызы ескі құбырлардың тозуы салдарынан, суды пайдаланудың есептері толық жүргізілмегендіктен жоғалып кететін. Соңғы 30 жылда құбырларды жаңарту мақсатында 57 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 20 миллиард теңгені Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие ретінде алдық. Нәтижесінде 2000 шақырым құбырдың 1100 шақырымы жаңартылып, су шығыны азайтылды. Әлде де толық орындауымыз керек еді, оған тарифтік саясат әсер етті. Демек, әділетті тарифтің орнамауы бізге кедергі жасап отыр. Бұл тәжірибе бүкіл Қазақстанға қажет. Біріншіден, судың есебін дұрыс жүргізу, екіншіден, ескі инженерлік желілерді  жаңарту.

Ал ауыл шаруашылығындағы су тапшылығына келсек, Түркістан облы­сындағы Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарында және Қызыл­орда облысындағы күріш алқаптарында жаз мезгілінде су жетіспеушілігі жиі байқалады.

Бұл мәселені шешудің де жолдары бар. Біріншіден, каналдардың бетін бетондау арқылы судың жерге сіңіп кетуін азайту қажет. Екіншіден, әр фермер мен шаруашылыққа су өлшейтін автоматтандырылған құралдар орнатылуы керек. Сонда ғана суды үнемдеп пайдалану  мүмкін  болады.

Сонымен қатар, Президент тариф мәселесін де көтерді. Көп су пайдаланатын кәсіпорындар мен өндіріс орындары көбірек төлеуі тиіс, ал аз пайдаланатын халық аз төлеуі керек. Бұл – әділетті шешім. Сонда халық арасында суды үнемдеу мәдениеті қалып­тасады.

Жалпы алғанда, суды тиімді пайдалану – болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Егер бүгіннен бастап суды үнемдеп, инфрақұрылымды жаңартып, нақты есеп жүргізетін болсақ, келешекте су тапшылығының алдын  алуға  толық  мүмкіндік  бар.

– Қала орталықтарында, аудандарда да көлік жуу орындары, моншалар көбейіп  кетті. Суды бейберекет  пайдалану  жаппай  белең  алған. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

– Бұл да орынды сұрақ. Мысалы, Шымкент қаласында 150-ге жуық көлік жуу орны бар. Әрбір көлікке кететін су тегін болмаса да, өте арзан. Сол себепті, ауызсуды пайдаланады. Ондайға біз жол бермеуіміз керек. Яғни, бір автокөлік жууға тариф бо­йынша 5 теңгенің суы жұмсалса, 5000 теңге табыс табады. Демек, 5 теңгенің суын пайдаланып, 5000 теңге пайда тапқан болса, кәсіпкер суды үнемдеу мәселесін қолға ала ма? Ауызсуды құрылыс жұмыстарына, бетон аралас­тыруға немесе абаттандыру-көгалдандыруға пайдаланады. Монша дейміз, зауыт-фабрикалар тағы бар. Өйткені, сусыз ешқандай құрылым жұмыс істей алмайды. Бәріне су керек. Сол себепті, біз ауызсу қажеттілігі жоқ жағдайда жер­асты суларын, басқа су көздерін пайдалануды қолға алуымыз керек. 2025 жылы ғана Су кодексі қабыл­данды. Сонда «әсіресе, ауызсуды пайда­лану қажеттілігі жоқ технологияға суды тазартып, қайтадан өңдеп қолдануды қолға алу керек» деп жазыл­ған. Біз ұрпағымызға таза су, таза ауа қал­дыруымыз керек. Сондықтан, осы бастан суды дұрыс пайдалану мәдение­тін  қалыптас­тырған  жөн.

– «Су алтыннан да қымбат болатын кездер келеді» деген пікірді айттыңыз. Жалпы, суды үнемдеу, тазалау бағытында қандай қателіктерге жол беріп жүрміз? Шешімі  қандай?

– Мұны көптеген сарапшы айтып, жазып жүр. Еуропаға, Америкаға барған адамдар судың бір текше метрі 1000 теңгенің жобасы екенін біледі. Ал бізде бар-жоғы – 100 теңге. Содан ке­йін адамдардың қызығушылығы пайда бола ма? Сол себепті, судың тари­фіне әділетті баға орнатуымыз керек. Әйт­песе, арзан суды үнемдеуге ешкім­нің  құлқы болмайды. Келешекте тап­шы­лық  туындайды. Дүниежүзінде 7 миллиард халық болса, соның 2,5 мил­лиарды ауызсуға зәру. Керек болса, олар қыста, көктемде су қорын жиып алып, басқа мезгілдерде пайдаланады. Біз бұл ауызсуды оның қажеттілігі жоқ жерге пайдалануға тыйым салуымыз керек. Мысалы, есік алдының шаңын басу үшін, салқындату үшін ауызсуды себетіндер бар. Ауызсу тарифі қымбаттаса, олар үнемдеуге көшеді. Біз сол үшін ауызсудың қадіріне жетуіміз шарт.

Бүгінде ең басты мәселенің бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану мен оны болашақ ұрпаққа жеткізу. Себе­бі, халық саны өсіп келеді, өндіріс орындары көбейіп жатыр, ауыл шаруа­шылығы қарқынды дамуда. Осының бәрі суға деген сұранысты арттырады. Сонымен қатар, су шаруашылығы саласына білікті мамандар мен инвес­тиция  қажет.

Жалпы алғанда, су тапшылығы – тек бір саланың емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Сондықтан, халық болып бірігіп, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыруымыз  қажет.

Ырыскелді  ТӘЖІ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: