Шижаға ауылында бой көтеріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды түрде жалғасуда. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен осы ауылға барып, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған маңызды нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстары толықтай жүзеге асырылған. Атап айтқанда, спорт кешенінің ішкі бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштерін құю жұмыстары сапалы атқарылды. Нысанға сыртқы ауыз су, кәріз және әуе электр желілері жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ ғимараттың ішкі әрлеу, сырлау және кафель төсеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда спорттық линолеум төсеу, сыртқы қоршауларды орнату, асфальт және брусчатка төсеу секілді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алыстан көз тартатын зәулім спорт кешенінің құрылысын «Болашақ» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда.

Аудан әкімі құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысан аумағын абаттандыру, ішкі тазалық пен құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өткен аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасап, барлық жұмыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, аталған спорт кешені алдағы уақытта ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға тың серпін бермек.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!