Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы ел ағаларымен кездесті

11.05.2026, 17:45 47

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев алғашқы жұмыс сапарын Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінен бастады. Мұнда аймақ басшысы ел ағаларымен, зиялы қауым өкілдерімен және ардагерлермен кездесті.

Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, облыстық мәслихат төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

Жиын барысында облыс әкімі ақсақалдардың ел бірлігін нығайтудағы, қоғамдық келісімді сақтаудағы орнына арнайы тоқталды. Ол аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымды ой-пікірлері қай кезеңде де маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ел ағаларының ұсыныстары мен ақыл-кеңестері әрдайым назарда болатынын жеткізді.

Өз кезегінде ардагерлер облыс басшысының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, алғашқы қадамын ресми жиыннан емес, киелі мекеннен және тағылымды кездесуден бастағанына ризашылықтарын білдірді.

Сапар барысында Мұрат Нәлқожаұлы Марал ишан кесенесіне де арнайы барып, тарихи нысанда атқарылған жұмыстармен және оның қазіргі жағдайымен танысты.

Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан кесененің төлқұжаты облыстық бюджет есебінен жаңартылып, қорғау тақтасы орнатылған. Сонымен бірге, нысан жергілікті маңызы бар микросакралды киелі орындар тізіміне енгізілген.

Ал 2018 жылы аудандық бюджет есебінен кесене жаңғыртылып, кейін облыстық бюджет қаржысына 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленген.

Бұдан бөлек, 2024 жылы облыстық бюджеттен 252,3 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын «Жалағаш – Жосалы – Марал ишан» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: