Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жырымен жүректе қалған Сағынай

09.05.2026, 0:52 30

Арал аудандық мәдениет үйінде ақын, мәдениет жанашыры Сағынай Дәріғұлұлын еске алуға арналған «Сағындырған Сағынай» атты рухани-әдеби кеш өтті.

Ақынның 75 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымды шараға аудан зиялылары, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер, туған-туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.

Кеште әсерлі прологпен ашылып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы тағылымды ойлар айтылды. Жүргізушілер Сағынай Ешекеновтің туған жер руханиятына қосқан үлесі мен өнерге адал болмысын тебіреніспен жеткізді.

Шара барысында Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Омарұлы Бохаев сөз сөйлеп, ақынның ел мәдениеті мен руханиятындағы орнына тоқталды. Ол өз сөзінде Сағынай Ешекеновтің ақындық қырымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті мен елге деген жанашырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

— Сағынай Дәріғұлұлы — туған жерінің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Ол өнер мен мәдениетті өркендетуге, жастардың шығармашылыққа бет бұруына айрықша еңбек сіңірді. Оның артында қалған жырлары мен өнегелі істері халық жадында мәңгі сақталады. Осындай тұлғаның мерейтойын тағылымды кешпен атап өту — кейінгі буынның рухани сабақтастығын айқындайтын маңызды қадам, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Кеш аясында ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Отыз екі көктем» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл еңбек — ақынның терең сезімге толы жырларын, тағдырлы толғаныстарын бүгінгі оқырманмен қайта қауыштырған рухани мұра ретінде бағаланды.

Сонымен қатар ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, көркем жырлары оқылды. Әсіресе, ақынның туған-туыстары мен немерелерінің қатысуымен орындалған шығармалар кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Кеш барысында ұйымдастырылған «Сағындырған Сағынай» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасының жеңімпаздары марапатталып, сөз өнеріне құрмет көрсетілді.

Тағылымды шарада ақынмен бірге қызмет еткен замандастары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер естелік айтып, оның адамгершілік болмысы, өнерге деген адалдығы және елге сіңірген еңбегі туралы жылы лебіздерін білдірді.

Кеш соңында ақын әулеті атынан кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтылып, Сағынай Ешекеновтің рухани мұрасын ұлықтауға үлес қосқан жандарға ризашылық білдірілді.

«Сағындырған Сағынай» кеші — ақын рухына тағзым етіп қана қоймай, ұлттық руханиятты дәріптеген, ұрпақ сабақтастығын айшықтаған мазмұнды мәдени шара ретінде көпшілік көңілінен шықты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: