Күні кеше Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстанның ғарыш саласы үшін маңызды оқиға болды. 45-алаңнан «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені арқылы орта класты «Союз-5/Сұңқар» перспективті зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы жүзеге асырылды.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл ұшырылым «Бәйтерек» жобасы аясындағы күрделі инженерлік нысанның толық пайдалануға дайын екенін көрсетті. Жоба Қазақстанның әлемдік ғарыштық қызмет көрсету нарығындағы орнын нығайтуға және елдің заманауи ұшыру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба саналады. Ол Қазақстанның ғарыш айлағын жаңғыртып қана қоймай, болашақта жаңа буын зымырандарын ұшыруға мүмкіндік береді.
Роскосмос таратқан ақпаратқа сәйкес, «Союз-5» орта класты зымыран-тасығышы Байқоңырдан алғаш рет ұшырылып отыр. Бұл жаңа буын зымыранының алғашқы старттарының бірі болып саналады. Қазір оның ұшу-конструкторлық сынақтары жүргізілуде.
Зымыранның басты ерекшеліктерінің бірі – пайдалы жүктемені Жер маңындағы орбитаға жоғары дәлдікпен шығара алуы. «Союз-5» зымыран-тасығышының жүк көтеру қабілеті 17 тоннаға дейін жетеді.
Мамандар бұл ұшырылымды Байқоңырдың жаңа кезеңге қадам басуы және Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуетін арттыру жолындағы маңызды белес ретінде бағалап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!