Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қоғамы өз билігіне сене ме?

30.04.2026, 8:20 83

Елімізде кейінгі жылдары түрлі митинг те өтті, әлеуметтік желіде билікке наразылық та жиі айтылады. Сырттай қарағанда, қоғамның билікке көзқарасын осы көріністер арқылы-ақ бағалай салғың келеді. Бірақ қазақ қоғамының өз билігіне сенім деңгейін үстірт топшылау – қате. Құқықтық мемлекетте де, саяси талдауда да қоғамдық сенім нақты өлшеммен бағалануы керек. Өйткені шу көп шыққан жердің бәрі тұтас қоғамның үні бола бермейді. Керісінше, үнсіз отырған жұрттың ішінде де үміт, күдік, сенім, наразылық қатар жүруі мүмкін. Осы тұста DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының «Билік институттарына қоғамның сенімі» атты жаңа зерттеуі осы күрделі ахуалды сандар арқылы сөйлетіп берді. Сауалнама өткен айдың басында жүргізілген. Оған Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 1100 адам қатысқан. Жобаны MediaNet халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен  жүзеге  асырған.

Бұл зерттеудің ең маңызды тұсы – қоғамды ақ пен қара­ға бөліп тастамайтынында. Яғни «сенеді» немесе «сенбейді» деген екі-ақ жауаппен шектелмейді. Кері­сінше, бүгінгі қазақстандықтың ішінде сенім мен күдіктің қатар  өмір  сүріп жатқанын көрсетеді. Билікке сенуі мүмкін, бірақ өзгеріс талап етеді. Президентті қолдауы мүмкін, бірақ ашық сынауға қорқады. Елдің бағытына қарсы емес, бірақ «Әділетті Қазақстан» деген ұғымның өмірде қаншалықты жүзеге асып жатқанына келгенде ойланып қалады. Қоғамның қазіргі кескіні де осы, санасы сан-саққа кеткен халықтың ішкі талабы  талай  ойға  әкеліп  жатыр.

DEMOSCOPE «қоғамда қарама-қайшы болғанымен, орнықты тренд қалыптасқанын» айтады. Өйткені зерттеу жұртшылықтың қазіргі хал-ахуалынан хабар береді. Халық­та  билікке бір жағынан сенім, екінші жағынан күдік бар. Ал тағы бір бөлігі өзгеріс күтеді. Осы үш ұғым қоғам  ішінде қатар жүр. Сонымен нәтиже қандай  болды?  Шолып  көрейік.

Сауалнама дерегіне сүйенсек, азаматтардың басым көпшілігі – 85,4%-ы елімізге өзгеріс керек деп есептейді. Бұл сұраққа жауап бергендер арасында ауқымды және шешуші реформа күтіп жүргендердің үлесі басым – 71,6%, тағы 13,8%-ы аздаған өзгеріс жеткілікті деп санайды. Респонденттердің 10,7%-ы елімізге ешқандай өзгерістің керегі жоқ, бәрі қазіргі қалпында қала берсін дейді. DEMOSCOPE бюросы осыған ұқсас сауалнаманы 2023 жылдың желтоқ­сан айында да жүргізген болатын, ол кезде өзгерісті қалайтындардың жалпы үлесі  89,9%  болған.

Зерттеу нәтижесі кейінгі  12 айда салыстырмалы түрде билік органдарына сенім бар екенін көрсетіп отыр. Сауалнамаға жауап бергендердің жартысының (50,3%) сенім деңгейі өзгермеген. Респонденттердің 23,4%-ы сенім деңгейі артқанын айтса, 19,7%-ы сенімі төмендегенін хабарлады.  Қызығы, зерттеуге қатысқандардың ел президентіне деген сенім деңгейі ең жоғары екенін көрсетті. Пайызбен қарасақ – 61,3%. Ал азаматтардың 17%-ы президентке сенбейтінін білдірді. Ал  үш  жыл  бұрынғы желтоқсан  айымен  салыстырғанда, мемлекет  басшысына  оң көзбен қарайтындардың  үлесі  төмендеген, ол  кездегі  көрсеткіш – 69,4%  еді.

Халықтың сенімі жөнінен рейтиңде екінші орында әкімдіктер тұр – сауалнамаға қатысқан­дардың жартысы (50,2%) әкімдіктерге сенім артса, шамамен үштен бірі (29,8%) сенбейтінін  айтты.

ҚР Үкіметіне респонденттердің 47,4%-ы сенуге болады десе, 27,7%-ы сенуге болмайды дейді. Рейтиңгіде бұдан кейін құқық қорғау органдары тұр: азаматтардың 46,8%-ы күш құрылымдарына сенетінін айтса, 32,5%-ы сенбейтінін білдірген. Парламент пен сот жүйесіне деген сенім деңгейі мейлінше төмен, сәйкесінше – 40,5% және 43,7%. Сондай-ақ 31,2% және 30,6% респондент сенбейтінін айтқан.

Қатысқандардың жасына қарай талдау айтарлықтай айырма бар екенін көрсетіп отыр. Қолдау білдіретін негізінен 18-29 жас аралығындағылар болса, 50-59 жастағылар арасында сенім деңгейі мейлінше төмен. 18-29 жастағы респонденттердің президент пен үкіметке сенім деңгейі – сәйкесінше 72,5% және 59,4%. 50-59 жастағылар арасында бұл көрсеткіш – сәйкесінше 51,2% және 35,4%.

Респонденттердің  айтарлықтай бөлігі, атап айтқанда 20%-тен  28%-ке дейінгі бөлігі билік  органдарына  сенім  туралы  сұраққа  жауап беруден қиналуы назар аудартады. Мұндай белгісіздік тақырыптың шетін екенімен және өзіндік цензурамен байланысты болуы мүмкін.

Саяси жағдайды көрсететін тағы бір маңыз­ды көрсеткіш азаматтардың билікті ашық сынау мүмкіндігі деуге болады. DEMOSCOPE дерегі қоғамда пікірін ашық білдіруден қорқатындар көп екенін көрсетті – қазақстандықтардың жартысынан астамы (56,1%) интернетте биліктің әрекетін ашық сынаудан қаймығады, мұны қауіпті деп санайды. Оның ішінде 28,5%-ы үзілді-кесілді ашық сынау қауіп­ті деп санаса, 27,6%-ы сын айту қысымға немесе сотқа тартуға әкеп соғады деп қауіптенеді. 14,4% респон­дент сынауға болса да, нақты аты-жөнін атаудың қажеті жоқ деп санайды. Тек 9,8%-ы ғана мемлекеттік органдардың атына сын айту ешқандай да қорқынышты емес деп сенеді. Респонде­нттердің 19,7%-ы бұл сауалға  жауап  беруге  қиналған.

Ашық сыннан қорқу мен билік институттарына сенім деңгейі арасындағы өзара байланыс зерттеудің негізгі нәтижесі болды. Талдау билікті сынаудан қорқу деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын билікке деген қоғамның сенімі соғұрлым төмен екенін көрсетті. Билікті сынауда тұрған ештеңе жоқ деп санайтын респонденттер арасында президентке сенім деңгейі – 83,2%, ал орташа көрсеткіш – 61,6%. Билікті ашық сынауды үзілді-кесілді қауіпті деп санайтындар арасында президентке сенім деңгейі айтарлықтай төмен – 56,1%.

Қазақстан үкіметіне қатысты жағдай да осыған ұқсас. Үкіметті ашық сынаудан ешқандай қауіп жоқ деп есептейтіндердің үлесі – 70,8%, ал бұл сауал бойынша орташа көрсеткіш – 47,4%. Үкіметті сынау мейлінше қауіпті деп санайтын респонденттер арасында бұл көрсеткіш  41,9%-ке  дейін  төмендейді.

Сауалнама азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдауға ықпал ету мүмкіндігін де зерттеді. Бұл сұрақтың нәтижесі қоғамдық пікірдің қарама-қайшылығын көрсетті, қазақ­стандықтардың 47%-ы қарапайым азаматтардың биліктің шешіміне шынайы ықпал ету мүмкіндігі жоқ деп есептейді. Ал 46,3%-ы азамат­тар  шешім  қабылдауға ықпал  ете  алады деп санайды.  Бұл сұрақта да жас тобына қарай айырма   байқалды. Айтарлықтай  энту­зиазм 18-29 жастағыларға тән, олардың 56,1%-ы мемлекет шешім қабылдау процесінде үнімізге құлақ асады деп сенеді, ал ересек топта (50-59 жас) бұл  көрсеткіш  айтарлықтай  төмен – 39,4%.

Сауалнамаға  қатысушылардан әлеуметтік  оптимизмін  бағалау  үшін «Қазақстан дұрыс бағытпен дамып жатыр ма, әлде бұрыс кетті ме?» деп сұралған. Қазақстандықтардың 44,6%-ы еліміз дұрыс жолмен жүріп бара жатыр деп санаса, тағы 27,8%-ы дұрыс бағытпен кетіп бара жатқан  шығар  деген  ойда. Жалпы респонденттердің 18,7%-ы еліміздің даму  бағыты  қате  кетіп  барады  деп  санайды.

2022 жылы Президент ел «Әділетті Қазақ­стан» құру жолына түскенін мәлімдеген еді. DEMOSCOPE сауалнамасы осы ұстанымның қоғам санасында қалай қабылданып отыр­ғанын да түсіндіріп берді. Зерттеуге қатысқандардың 55,6 пайызы бұл тұжырым биліктің нақты іс-қимылымен белгілі бір деңгейде үйлеседі деп есептейді. Ал 33,8 пайызы кері­сінше, қазіргі ахуалды әділетті деп бағалауға келмейді  деген  пікір  білдірген.

Осы нәтижелердің өзі қоғамдағы сенімнің біржақты емес екенін көрсетеді. Бір жағынан, билік институттарына деген сенім толық жоғалмаған. Екінші жағынан, ел ішінде нақты реформаларға  деген  сұраныс  әлі  де  жоғары.

Қазіргі экономикалық ахуал, бағаның өсуі, халық табысының төмендеуі билік алдына айқын міндет қойып отыр. Ендігі жерде азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау, олардың тұрмыс сапасын жақсарту, қоғам күткен нақты қадамдарды қолға алу бұрынғыдан да маңызды. Себебі халықтың үміті мен сенімін сақтап қалудың жалғыз жолы – оны нақты нәтижеге айналдыру. Жұртшылықтың жадында жүрген біраз ақпаратты зерттеушілер сауалнама арқылы  жеткізуге тырысты. Енді  биліктің әрекеті  де  соған  қарай  болуы  керек.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: