Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Мәжіліске ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе – көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы. Аталған мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы баяндама жасап, биылғы жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі, олардың құрылымы және суармалы жерлерді тиімді пайдалану жоспарлары туралы тоқталды.
Биыл ауданда 32064 гектарға егін орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілетін болады. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы 4585 гектар ақ егіс егілді. Биылғы егіске 5000 тонна күріш тұқымы құйылып, қазіргі уақытта 3289 тоннасы себу дәрежесіне жеткізілді. 2026 жылы ауданда егісті әртараптандыру бойынша 2000 гектарға жүгері дақылын егу жоспарлануда.
Екінші мәселе – төрт түлікті түгендеу және олардың арасында қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу шаралары бойынша аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев баяндады. 2026 жылға аудан бойынша эпизоотияға қарсы 12 түрлі аса қауіпті ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 3 айға жоспарланған көрсеткіш 100%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында 6 түрлі ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес ветеринариялық-профилактикалық шаралар толық орындалған.
Әкімдік отырысында қосымша мәселелер де қаралды. Атап айтқанда, МӘМС, мерзімді әскерге шақыру және санитарлық тазалық бойынша тапсырмалар жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!