Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда 72 саланы қамтитын 20 цифрлық карта бекітілді – Министр

28.04.2026, 11:10 97

Қазақстанда жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқару жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл бағытта елде Цифрлық трансформация карталары бекітіліп, салаларды жүйелі жаңғыртуға негіз қалануда.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 цифрлық трансформация картасы бекітілген. Әрбір картада 2027 жылға дейін жасанды интеллект шешімдерін енгізу, нақты нәтижеге бағытталған KPI көрсеткіштерін белгілеу және салалық процестерді жаңаша ұйымдастыру жоспары қарастырылған.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, бұл жұмыстың негізіне AI-First қағидаты алынған. Яғни процестерді жобалау кезінде жасанды интеллектіні басым қолдану тәсілі басты назарға қойылған.

«Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануды көздейтін AI-First қағидатына сәйкес бірыңғай архитектуралық тәсіл қолданылды. Бұл тәсіл “электрондық үкіметтің” архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті екенін атап өткім келеді», – деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, мұндай тәсіл цифрлық шешімдерді әр салаға ретсіз емес, нақты жоспармен және бірыңғай жүйе арқылы енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып, экономиканың түрлі секторын цифрлық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашады.

Жалпы, AI-First қағидаты Қазақстанның цифрлық даму саясатындағы жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Ендігі міндет – жасанды интеллект технологияларын тек жекелеген жобалар аясында емес, салалық басқару мен қызмет көрсету тетіктеріне кеңінен енгізу.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: