Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көк байрағым, желбіре!

26.04.2026, 13:00 49

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан композиторларының «Көк байрағым, желбіре!» атты фестиваль-концерті өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен концертте ҚР Композиторлар Одағының құрметті төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Балнұр Балғабекқызының, ҚР Композиторлар Одағының басқарма мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері», Қазалы ауданының Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің директоры, аудандық мәдениет орталығының жанындағы аудандық «Мырза» атындағы халық аспаптар оркестрінің және «Қорқыт сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәукен Әлмамбетұлының және халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, облыстық филармония жанындағы Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Руслан Серікқалиұлының таңдаулы туындыларын «Мырза» халық аспаптар оркестрі орындады.

Фестиваль-концертте өнер майталмандарының «Бөрілі менің байрағым», «Ақтайлақ», «Концерттік вальс», «Алтай-Атырау арасы», «Туған жерім — Күреңбел», «Қырғыз күй», «Сыр шертпе», «Қазақ елі» толғауы, «Дала үні», «Ұлы дала қыпшақтары» сынды шығармалары қазалылық көрерменге ұсынылды.

Кеш соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, ежелден өнер қонған қасиетті Қазалы жерінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткізіліп жатқан концерттің ұйымдастырушыларына және «Мырза» халық аспаптар оркестрінің ұжымына аудан жұртшылығының атынан шынайы алғысын жеткізді.

ҚР Композиторлар Одағының құрметті төрағасы Балнұр Балғабекқызына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хатын» табыстап, иығына камзол мен жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті. Концерттік кеште Сәукен Әлмамбетұлы мен кештің дирижері Руслан Серікқалиұлы да жиылған жұртшылықтың зор қошеметіне бөленді.

Еліміздің ең қастерлі құндылығы – Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына арналған ауқымды мәдени іс-шара ұлттық өнеріміздің мәңгілік екенін, рухани құндылықтарымыздың ешқашан өлмейтінін айшықтайтын тағылымды кеш болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: