Қызылорда медициналық жоғары колледжінің спорттық алаңында денсаулық сақтау саласының ардагері Ернияз Омаровты еске алуға арналған Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің дәстүрлі 58-шi спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекеттік Әнұраннан бастау алған спартакиаданың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Одан соң медицина саласының ардагерi Тұрғанбай Маханов пен Ернияз Омарұлының немересi сала қызметкерлеріне жылы лебіздерiн арнап, алғыстарын жеткіздi. Іс-шара одан әрi тартысты жарысқа жалғасты.
Жеңімпаздарға мамыр айының соңында ұйымдастырушылардың арнайы «Алғыс хаттары» мен бағалы сыйлықтары табысталатын болады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы әрдайым бұқаралық спортты дамыту қажеттігін айтып келеді. Соған сәйкес, еліміздің барлық өңірінде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып, саламатты өмір салтының мәдениеті қалыптасып келеді. Біздің аймақтағы денсаулық сақтау саласы да әрдайым мұндай тенденциялардың алдыңғы шебінде тұр.
Спорттық спартакиада дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып, сала мамандары әрдайым белсенді қатысып келеді. Ымырасыз күресте ең мықтыларды анықтау үшін жыл сайын медицина саласының барлық мекемесінен спортшылар жиналып, жарыс арқан тарту, шағын футбол, волейбол секілді эстафеталық спорт түрлерінен өткiзiледi.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!