Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қажылыққа жіберемін деген желеумен 17 адамды алдаған астаналық сотталды

18.04.2026, 16:40 139

Астанада өзін қажылық сапарын ұйымдастырушы ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған адам сотталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті. 

Прокуратура мәліметінше, сотталған адам жалған әуе билеттері мен қонақүй шығындарын сылтау етіп, азаматтардан 7,4 миллион теңгеден астам қаражат алған. Соның салдарынан еліміздің әр өңірінен 17 адам жәбірленген. Олардың арасында қарт ата-анасын умраға жіберуді жоспарлаған отбасылар да болған. 

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы ірі көлемдегі алаяқтық жасағанын мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеген. Сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. 

Осыған байланысты прокуратура қажылық және умра қызметтерін тек лицензиясы бар туристік агенттіктер арқылы рәсімдеу қажет екенін ескертті. Ведомство тексерілмеген адамдарға, тіпті өзін қажылық ұйымдастырушысы ретінде таныстырған тұлғаларға ақша аудару алаяқтарға алдану қаупін арттыратынын атап өтті. 

Бұған дейін қажылыққа апаратын компаниялардың конкурс арқылы іріктелетіні хабарланған еді.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: