HALYQLINE.KZ 2020 жылдың жартыжылдығында мемлекеттік қазынаға шенеуніктер жымқырған 33,2 млрд теңге қайтарылған. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты.
Агенттік басшысы залалды өтеу және бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсті. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өсім 10%-ды құрады. Жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 22%-ға артты, – деді департамент басшысы.
Алғашқы алты айда агенттік қазынаға 33,2 млрд теңгені өтеген. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен екі есеге артық (15,2 млрд теңге). Оның айтуынша, соңғы 2,5 жылда бюджетке келтірілген залалдың 91 пайызы қайтарылған (74,6 млрд теңге).
– Мысал үшін, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады. Мемлекетке келтірілген залалды анықтау, оның жолын кесу және өтеу жөніндегі барлық ауқымды жұмысты антикордың небәрі 660 жедел қызметкері мен тергеушісі жүзеге асырады. 2,5 жыл ішінде олардың әрқайсысы орта есеппен 113 миллион теңгені өтеді. Егер бұл көрсеткішті жедел-тергеу бөлімшелері офицерлерінің ай сайынғы орташа жалақысымен салыстырсақ, бір қызметкерден 9 есе қаржылық қайтарым аламыз, – деп мәлімдеді Н.Жақсымбетов брифинг барысында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!