Жалағаш аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте 2026 жылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар және аудан әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аудан бойынша 2026 жылдың 3 айында жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 24,6 пайызға артып, 8 355,0 млн теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі «Каспий Петролиум» және «Номад Солар» ЖШС-нің өндірген өнімі бойынша тапсырған айлық есептілігі есебінен 19,7 пайызға артып, 2 080,0 млн теңгенің өнімі өндірілді. Химия өнеркәсібі бойынша «Агрохимсервис-С» серіктестігі аммоний сульфаты өндірісін 50,0 пайызға төмендеткен.
«Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 125,2 пайызға орындалып, 7 180,0 млн теңгені құрады. Әр айдың қорытындысымен көрсеткіштердің жоспарға сәйкес орындалуын қамтамасыз ету қажет. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында жұмысты үйлестіріңіздер. Аудан бюджетінің жалпы түсімдер жоспары 106,7 пайызға, оның ішінде жергілікті кірістер бойынша есепті кезеңде жоспар 126,5 пайызға орындалды. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүзеге асырылуда.
Сіздерге мәжіліс сайын ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарымен күнделікті айналысып, қоқыстарды белгіленген орындарға дер кезінде шығару жөнінде тапсырмалар берілуде. Елді мекенде көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары мен санитарлық тазалық жұмыстарын сапалы орындауымыз қажет. Елді мекендегі кәсіпкерлік нысандар мен әлеуметтік нысандардың қасбеттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізудің сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз тиіс», — деді Ғ.Сүлейменов.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша кент және ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!