Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрермен көңілін тербеген кеш

13.04.2026, 8:50 56

HALYQLINE.KZ

Кеше Жаңақорған кентінде М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, термеші Бибіажар Маханбетқызының «Қызыма» атты мерейтойлық шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысының қолдауымен өтіп жатқан кеш барысында аудан әкімі Мажит Самитов Сыр бұлбұлын мерейтойымен құттықтап, Жаңақорған ауданының ең жоғары марапаты – Құрмет грамотасын табыстады. Қазақы дәстүрге сай өнер иесінің иығына қамзол жауып, зор құрмет көрсетті.

Тағылымы терең, әсері мол кеште көрермендерге әншінің репертуарындағы үздік туындылар ұсынылып, өнерпаз жанды дауыста әуелете ән салды. Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолын қамтыған бұл кеште оның қызы, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ақбота Керімбекова анасымен бірге сахнада өнер көрсетіп, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, елге танымал жыршы-термеші Мейрамгүл Орашева және ақын, әнші-сазгер Индира Елубаева да өз өнерлерін ортаға салып, кештің ажарын аша түсті.

Кеш соңында ауданның жас ақындары Бибіажар Маханбетқызына арнау жырларын оқып, ерекше ілтипат білдірді.

Кеш барысында шырқалған әрбір ән мен орындалған термелер көрерменнің көңілін тебірентіп, ұлттық өнердің терең мәні мен тағылымын айқын аңғартты. Аудан тұрғындары мазмұны бай, тағылымы мол кештен ерекше әсер алды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: