Елімізде 6–12 сәуір аралығында мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерде бірқатар кадрлық өзгеріс жасалды. Апта ішіндегі маңызды тағайындаулар қатарында көлік, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау және өңірлік басқару салалары бар.
Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі қызметіне Дамир Қожахметов тағайындалды. Бұған дейін ол «KTZ Express» АҚ-ның бас директоры болған. Сондай-ақ Көлік министрлігінің бұйрығымен Дастан Жұмақұлов Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы лауазымына келді.
Үкімет қаулысымен Ербол Тұяқбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ол осыған дейін Үкімет Аппаратының Әлеуметтік даму бөлімін басқарған.
Өңірлердегі кадрлық өзгерістер де назар аудартты. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Ғалымжан Спабеков басшы болып келді. Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне полковник Нұрбол Мырзатаев тағайындалды.
Сонымен қатар Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би және Ойыл аудандарына жаңа прокурорлар тағайындалды. Атап айтқанда, Әйтеке би ауданының прокуроры болып Ақеділ Үсенов, Байғанин ауданына Ерлан Бахытов, Ырғыз ауданына Бекзат Төреханов, Ойыл ауданына Рауан Тобықов барды.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметіне Ержан Қарымсақов тағайындалды. Ол бұған дейін мемлекеттік қызмет саласында және Қызылорда облысындағы бейінді құрылымдарда түрлі лауазым атқарған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!