Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің елде әйел бетін жаппайды, керісінше еркек құмарлығын тежейді

03.07.2020, 9:00 1573

HALYQLINE.KZ Дүмшелер азғындықтың 90%-ын әйелден көреді. Таяу Шығыстағы шолақ шариғат әлі күнге дейін әйелмен күресіп әлек. Ауыр жазаның көбін әйелдер тартады. Зина жасаған еркекке әрі кетсе дүре соғады. Ал, әйелді таспен атып өлтіреді. Қыздың жалаңбас жүруі еркектің ойын бұзады деп есептейді. Бір қызығы, мұндай таяз таным қазақ мәдениетіне сіңбеген. «Сарттың қызы бетін бүркеп жүреді, бәлесін артына тіркеп жүреді. Қазақтың қызы беті ашық жүреді, бәледен қашық жүреді» деген тәмсіл бар.

Низами «Ескендір Зұлқарнайын» дастанын жырлағанда мынадай қызық аңыз қалдырады. Ескендір Жейхун дариясынан өткенде бір кедергіге тап болады. Тұран даласының қыздары шетінен сұлу екен. Ажарлы әйелді көргенде Ескендірдің әскерінен маза кетті. Ойы бұзылып, жорықты тастап, осы жерде қалып қойғысы келді. Сол кезде Ескендір Тұран қарияларын шақырып:

– Қыздарың сұлу екен, бірақ бетін бүркемейді, шашын жаппайды. Әйел сұлу болған соң әркімнің көзі түседі. Әйелі бұзылып, еркектің намысы тапталмай ма? Бетін бүркеп жүргені жөн емес пе? – деді.

Қариялар:

– Біз осы уақытқа дейін еркектің намысын аяқасты етпей, азғындамай-ақ өмір сүріп келеміз. Біздің елде әйел бетін жаппайды, керісінше еркек құмарлығын тежейді, – дейді.

Аңыздағы осы ой экзистенция тұжырымымен үндеседі. Азғындықты әйелден көру – инфантилист қоғамның көрінісі.

Құмарлығын тежемейтін дүмшелер үнемі әйелдің тұмшаланып жүруін талап етеді. Әйелдің бет-әлпетін бүркеп тастау – ер адам бойындағы ЕРКІНДІК феноменін жоққа теңеу, яғни еркекті ұрғашы көрсе ырықсыз шаба беретін малға теңестіру.

«Махаббаттың мәні» кітабынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: