Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Шиелі ауданында жұмыс сапарымен болып пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардың жай-күйімен және құрылыс сапасымен танысты.
Жұмыс сапары барысында алдымен жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият» орталығының жағдайы зерделенді. Сонымен қатар, кенттің теріскей бөлігінде орналасқан, 338 млн теңге қаржыға салынған «Балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубының» жұмысы қаралды. Аталған нысандарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, ғимараттарды талапқа сай ретке келтіру тапсырылды.
Одан кейін Шұғыла шағын ауданындағы 52 пәтерлі тұрғын үй назарға алынды. Жалпы, аудан бойынша соңғы үш жылда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 280 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтар заң талаптарына сәйкес баспаналы болуда.
Келесі кезекте мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған, құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмыс барысы зерделенді. Сондай-ақ, аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат салынып, оған құны 650 млн теңгені құрайтын заманауи МРТ аппараты орнатылған.
Білім беру саласы да назардан тыс қалмады. Шиелі кентіндегі, №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясына жалпы құны 784 млн теңгені құрайтын 375 орындық бастауыш сыныпқа арналған қосымша оқу корпусы мен Жаңатұрмыс ауылында құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектеп және Жансейіт елді мекенінде 998 млн теңгеге салынған 100 орындық жаңа мектептің қазіргі жағдайымен танысты.
Сонымен қатар, «СПМ – Қызылорда» ЖШС жүзеге асырып жатқан, жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» жұмысымен танысып, айналасын көгалдандыру жұмыстары бойынша ескертпелер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекеме өкілдеріне нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары аймақ басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтіп, жұмысты қысқа мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Шиелі теміржол вокзалына барды. 1904 жылы салынған тарихи нысан 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде вокзал 13 жұп пойызға және тәулігіне 163 жолаушыға қызмет көрсетеді. Өткен жылы аудан әкімдігі тарапынан жолаушылар платформасының кіреберісіне қақпа орнатылып, бұрынғы су мұнарасы жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 8 жарықшам, 10 орындық және 10 қоқыс жәшігі қойылды. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС тарапынан ғимарат толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай келтірілген.
Сапар барысында Ақтоған, Алмалы, Талаптан және Тартоғай ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаториялардың жұмысы да қаралды. Аталған медициналық нысандар заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет көрсету инфрақұрылымы қалыпқа келтірілген. Сонымен қатар, техникалық қызмет көрсету мен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!