Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қызметтік иттердің көмегімен 83 қылмыс ашылған

10.04.2026, 15:50 53

Қызылорда облысында қызметтік иттер қылмыстың бетін ашуда маңызды құралға айналып отыр. Жыл басынан бері олардың көмегімен 83 қылмыс ашылған. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің кинология орталығы таратқан мәліметте айтылды. Қазір орталықта 19 қызметтік іздестіру иті жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы түрлі бағыт бойынша машықтандырылған. Бірі есірткі іздеуге бейімделсе, енді бірі жарылғыш заттарды анықтауға, із кесуге, одорологияға және шабуылдау қызметіне пайдаланылады. 

Полиция мәліметінше, ашылған қылмыстардың басым бөлігі есірткімен байланысты құқықбұзушылықтар мен ұрлық фактілеріне тиесілі. Атап айтқанда, криминалдық полиция саласында 21 қылмыс анықталған. Оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау деректері көбірек кездеседі. Бұл қызметтік иттердің жедел-іздестіру жұмыстары кезінде әлі де жоғары нәтиже көрсетіп отырғанын аңғартады. 

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте де кинологтардың еңбегі айрықша. Жыл басынан бері қызметтік иттер осы бағытта 565 рет қолданылған. Соның нәтижесінде 36 қылмыстық құқықбұзушылық әшкереленіп, заңсыз айналымнан 1 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Ал одорологиялық іріктеу бойынша 10 қолдану фактісі тіркеліп, оның бесеуі нақты нәтижесін берген. 

Қызметтік иттер тек қылмыс орнында ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде де кеңінен пайдаланылады. ҚР ІІМ кинологиялық орталығында арнайы даярлықтан өткен мамандар оларды қалааралық автобустардың жүк қоймаларын, әуежай нысандарын, «Қазпошта» бөлімшелерін және автовокзал ғимараттарын тексеруге тартады. Бұл тәжірибе тыйым салынған заттарды ерте анықтап, қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. 

Құқық қорғау саласында қызметтік иттердің рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Себебі кей жағдайларда техника мен адам байқамаған ізді жануардың сезгіштігі тез табады. Сондықтан кинологиялық қызмет — тек қосымша көмек емес, қылмыспен күрестегі нақты нәтижеге жұмыс істейтін маңызды бағыттардың бірі. Қызылордадағы соңғы көрсеткіштер соны дәлелдеп отыр. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: