«КТК» АҚ бас директоры Эльмира Жәмилова өз өкілеттігін өз еркімен тоқтатты. Енді ол телеарнаның стратегиялық дамуы жөніндегі кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады. Компания мәліметінше, бұл өзгеріс аясында арнаның редакциялық және хабар тарату саясатындағы сабақтастық сақталады.
Эльмира Нариманқызы КТК құрамындағы еңбек жолын 2007 жылы бас директордың орынбасары қызметінен бастаған. Ал 2016 жылы компанияның бас директоры болып тағайындалған.
Оның жетекшілігімен телеарна жаңалық тарату, төл өнім өндіру және digital бағытты дамыту жұмыстарын жүйелі түрде күшейтті. Соның нәтижесінде КТК медианарықтағы ұстанымын нығайтып, Қазақстан телевизия кеңістігіндегі беделді әрі аудитория сенімі жоғары арналардың біріне айналды.
«КТК» АҚ-ның негізгі құрылтайшысы – «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» мен телеарна ұжымы Эльмира Жәмиловаға ұзақ жылғы жемісті еңбегі, кәсіби біліктілігі және компанияның, тұтастай алғанда, отандық телевизия индустриясының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Эльмира Жәмилова қазіргі кезеңде телевизия саласы үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, технология, жарнама нарығы, контент тұтыну моделі мен аудиториямен байланыс форматы өзгеріп келеді. Ол КТК-ның осы кезеңге дейін мықты, танымал әрі ықпалды телеарна ретінде қалыптасқанына қуанышты екенін айтты.
«Телеарнадағы жиырма жылға жуық жұмыс мен үшін кәсіби өмірімнің аса маңызды белесі болды. Ал стратегиялық бағытқа ауысу – компанияның дамуына үлес қосуды жалғастыруға мүмкіндік», – деді Эльмира Жәмилова.
«КТК» АҚ-ның жаңа бас директоры болып Бек Кенжебай тағайындалды. Ол бұған дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Бек Кенжебайдың медиа және талдау саласында басқарушылық тәжірибесі бар. Ол әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында, сондай-ақ «Қазақстан», «Астана», 31 арна және «Алматы» телеарналарында еңбек еткен.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!