Бүгін ерекше ой келді: сенім туралы.
Мәселен, «Ғалым адам мен діннің ресми өкілі Имамның Жаратушыға сенімі айырмашылығы неде?» деген.
Неде?
Кез келген дін сенімге негізделеді.
Сенім Құдайдың барлығын (бар екенін) растайды.
Алайда, Имам, көбіне, Ғалымды «құдайсыз атеист» деп жазғыруға бейім.
Себебі, ол солай дей отырып, өзінің «Құдай өкілі» екендігін жария етуге тырысады, бұл – оған жамағатын өз маңында топтастыру үшін аса қажет амал.
Ал, Ғалым өзгенің сенімі туралы сөз қозғамайды, себебі, оған жамағат қажет емес. Оған әлем қозғалысының заңдылықтарын білу маңызды.
Бірақ, шын өмірде Ғалым атеист емес, ол – Құдайға сенуші адам.
Ең бастысы, Ғалымның сенімі Имамның сеніміне қарағанда әлдеқайда тұрақты әрі дәлелді.
Өйткені, ол мына ғаламның пайда болуы теорияларын біршама біледі, оның даму, яғни, қозғалыс ретін (заңын) меңгерген.
Және, Ғалым адам саналы тіршілік иесі ретінде ғаламды өз қалыбында өзгертуге қабілетті: теориялық тұрғыда – шексіз, практикалық-техникалық тұрғыда – шектеулі.
Ғалым, сөйтіп өзінің практикасында «өзгерту заңдарын» игереді.
Бірақ, ол теориялық деңгейде өзінің Ұлы Жаратушы (шексіздік) алдында қауқарсыз екенін мойындайды.
Осы «мойындау» оның Құдайдың бар екеніне Сенімінің бастауын құрайды.
Яғни, Ғалым, осы білімге сүйене отырып, Құдай болмысын түсіндіре алады.
Яғни, оның Сенімі – АҚЫЛДАН туындайтын сенім, мейлінше тұрақты, адамның түсінген Сенімі.
Ал, Имам, ғалам жаратылысы туралы абстрактілі, яғни, догмаланған білімге ие. Ол, сол себепті Құдай болмысын Ғалым сияқты талдай алмайды.
Ол оның орнына өзге манипуляцияны қолданады:
ол жамағатқа «Құдай болмысына ой жүгірту күнә. Өйткені «өзі жаратылғанның» Жаратушының болмысын «тексеруі» күнә ғана емес, ол – мүмкін емес.
Егер, адам ретінде Құдайға «ревизия жасасаңыз», онда ол Сенімге көлеңке түсіреді. Ал, бәрін көріп отыратын Құдай оны кешірмейді, қатаң жазалайды! Сондықтан, дінге келу керек, Құдайды жүрекпен қабылдау керек… дейді…
Міне, осы айырмашылық дінді ғасырдан-ғасырға жетелеп келеді, өйткені, адамзаттың 99%-ы ғылыммен айналыспайды. Оларға Жаратушының ғаламды қандай ретпен жаратқаны маңызды емес, күнделікті өмірі өтіп жатқаны, ұрпағын өсіріп жатқаны маңызды.
Ендеше, оның ғылыммен «бас қатыруға» зауқы соғып не керек?
Имам айтты «Сен» деп, сол жетіп жатыр…
Сөйтіп, адамзаттың көп бөлігі Дінді сенім көзі, әрі жалғыз дұрыс жол деп санай береді.
Ал, Ғалым әлем заңын меңгерген себепті, Ұлы Сенімін өз жанында ұстайды, себебі, болашақта ол өзінің Ұлы Жаратылыс туралы білімін одан әрі кеңейтуді ойлайды.
Яғни, Сенімінің «соқыр сенімге» айналып кетпеуін қадағалайды!
Міне, айырмашылық осында – Ғалымда Құдай болмысы қандай шексіз болса, адамның Оны тануға деген ұмтылысы да соншалықты шексіз…
Ал, ШЕКСІЗДІКТІ жасанды түрде Шектеу Адамның, яғни, Ғалым адамның өз болмысын, ізденуін шектеу болып шығады.
Ондай болса, Ғалым адамның өмірінің мәні жоғалар еді: «Ақыл неге керек, Сана неге керек, Білу неге керек, жалпы, осыларсыз Өмір сүру неге керек?» дегендей сұрақтар оны тыныш жатқызбайды…
Қорытынды:
Адам неғұрлым білімдар болған сайын, Құдай болмысына жақын бола түседі, яғни, сол себепті, оның Оған сенімі «білмейтінге» қарағанда соншалықты жоғары болады!
Түйген ойым – осы.
Кімге ұнайды, кімге ұнамайды, оны әркім өресіне қарай шеше жатар…
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ
Фото: abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!