Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эвтаназия. ӨМІР не ӨЛІМ

02.04.2026, 8:40 56

Адамзат дүние есігін ашқалы, ойлану, пайымдау түйсігін іске қосқалы өмірдің мәнін іздеумен келеді. Ежелден бері. Алайда бұл ізденіске тоқтам жоқ. Арада қаншама ғасыр, жыл, ай, апта, күн өтсін, адам баласы нақты жауап таппады. Француз ойшылы, жазушы Альбер Камю осы тақырыпта терең зерттеу жүргізді. Ол сипаттаған абсурдизм идеясы дәл осы қайшылықты ашып көрсетеді. «Адам өмірден мән іздейді, бірақ өмір оған үнсіз жауап қатады».

Бұл сұрақ бүгінде философиялық деңгейден әрі асып, нақты өмірлік жағдайда да көрініс тауып жатыр. Мәселен, ауыр әрі жазылмайтын дертке шалдыққан адам үшін өмір кәдімгідей тоқтаусыз азапқа айналуы ықтимал. Физикалық тұрғыдан ғана емес, ментальды түрде де шаршаған адам өмірден баз кешеді, мүмкіндік болса «бүйтіп қиналып өмір сүргенше, арғы дүниеге аттанғаным артық» деп күрсінеді. Біз қозғағалы отырған эвтаназия идеясы да осыны қаузайды.

«Эвтаназия» сөзі грек тіліндегі eu «жақсы» және thanatos «өлім» сөздерінен шыққан. Яғни, бастап­қы мағынасы – «жеңіл», «азапсыз өлім». Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим қоғамдарында ауыр азап шеккен неме­се жазылмайтын, аты жаман ауру­ға шалдыққан  адамдардың өмірден  өз еркімен кетуіне белгілі бір  деңгейде  түсіністікпен  қаралған.

Мысалы, стоик мектебінің өкілдері, соның ішінде Сенека адам өмірі қадір-қасиетін жоғалтқан жағдайда оны тоқтату ақылға қонымды игі іс болуы мүмкін деп есептеген. Бұл көзқарас кейінгі жеке еркіндік пен рационализм идеяларының келуіне түрткі болды десек, артық айтқанымыз  емес.

Алайда христиандық белең алып, үстемдік еткен орта ғасырда эвтаназияға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Атап айтқанда, өмір «Құдайдың сыйы» ретінде қаралып, оны әдейі, өздігіңмен тоқтату күнәнің нағыз өзі саналды. Бұл кезеңдері эвтаназиядан тыс, суицид те қатаң айыпталып, құқықбұзушылық болып есептелді. Осылайша, діни тұрғыда эвтаназия мәселесі бірнеше ғасыр бойы моральдық қалыпта теріс бағаланып  келеді.

Эвтаназия тақырыбы XX ғасыр­да ерекше шиеленіс сипат алды. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияда жүзеге асырылған «Т4 бағдарламасы» эвтаназия ұғымына  ауыр  соққы болды деуге негіз  бар. Аталмыш бағдарлама аясында мүгедектер мен психология­лық ауруға шалдыққан адамдар еш аяусыз,  мәжбүрлі  түрде  өлтірілді.

Арада жылдар өтіп, XX ғасырдан XXI ғасырға аяқ басқан уақытта эвтаназия қайта қаралып, тіпті кей елде заңдастырылды. Бүгінде Нидер­ланды эвтаназияны ресми түрде заңдастырған алғашқы ел саналады. Олар бұл шешімге 2002 жылы келген. Көп ұзамай, бұл қатарға Бельгия, Люксембург және Канада мемлекеттері қосылды. Бұл елдерде эвтаназия жасау бірден орындала салатын жұмыс емес, біраз терлеп-тепшу керек. Яғни, ең алдымен науқастың ерікті және саналы келісімі болуы қажет. Одан соң ауруы жазылмайтын, азап тудыруы міндет. Сондай-ақ бірнеше тәуелсіз  дәрігердің қорытындысы талап  етіледі.

Бұл тақырыпта дәл қазір қалам түртіп отырғанымыз тегін емес. Жақында эвтаназияға байланысты әлемде дау туғызған оқиға болды. Дәлірек, 25 жастағы испан аруы Ноэ­лия Кастильо эвтаназия жасатып, көптен күткен арманына қол жеткізген  болатын.

Испанияның «Antena 3» телеарнасына берген өзінің алғашқы әрі соңғы сұхбатында ол басынан өткен тауқыметті ашық айтып берді. Ноэлия­ның балалық шағы 13 жасында ата-анасы ажырасқан соң астан-кестен болған. Отбасындағы ауыр жағдай оны жетімдер үйіне (қамқорлық орталы­ғына) дейін апарды. Сол уақыттарда оған обсессивті-компульсивті  және  шекара­лық  тұлғалық  бұзылыс  деген  диагноздар  қойылды.

Ноэлия өмірмен қоштасуға бірнеше мәрте әрекеттенген. Анасы оны психиатриялық клиникаға жатқызғанымен, ол жақта да өзіне қол жұмсау­ға  тырысып, денесіне зақым келтіруін тоқтатпаған.

Бойжеткен өміріндегі үш бірдей қасіретті, жыныстық зорлық-зомбылықты жасырмай айтады. Біріншісі бұрынғы серігі тарапынан болған. Екінші рет ол түнгі клубта екі ер адамнан зәбір көреді. Және ақырғысы әрі эвтаназияға түрткі болған оқиға бардағы үш ер адамның тап беруі еді. 2022 жылдың қазан айында, бардағы оқиғадан кейін бірнеше күн өткен соң, ол тағы да өлімге бет бұрды. Бұл жолы аман қалғанымен, мүгедек­тер арбасына таңылды. Дәл осы сәттен бастап ол эвтаназия тура­лы ойла­на бастаған. «Маған ұйықтаудың өзі мұң болды, оған қоса арқам мен аяғымдағы толассыз ауру жаныма батты» дейді ол ашына. Бірақ оның азабы тек физикалық тұрғыда емес еді. «Менің әлемім түнекке айналды… Ешқандай мақсатым да, талпынысым да қалмады» деп те ағынан жарылды Ноэлия. Ақыры, 2024 жылдың сәуірінде ол эвтаназияға ресми өтініш беріп, үш айдан соң арнайы комиссия оның бұл  қалауын  мақұлдады.

Ноэлияның анасы қызының шешімімен келіспеді, алайда түсіністік танытты. Тек оның әкесі Херонимо Кастильо эвтаназияға қарсылық білдіріп, сотқа арыз түсірді. Оның сөзіне сүйенсек, Ноэлия психология­лық ауруға шалдыққанына байланысты өздігінше шешім қабылдауға қауқарсыз. Сол себепті эвтаназиядан бұрын емдік терапиядан өтуі керек. Бірақ та Испания Жоғары соты шешімінен айныған жоқ. Әке сөзін Испания  католик  қауымдастығы  қолдағанымен,  сот  Ноэлияның  қалауын орындау керек деп шешті. Бойжеткеннің өзі соңғы сотта «мен оның қызын жоғалтқысы келмеген әке ретіндегі ұстанымын түсінемін» деді. Дегенмен, әкесімен жөнді қарым-қатынас болмағанын да атап өтті.

Осы оқиға әлемді екіге қақ айырды деуге болады. Азаматтық қоғам мен  демократияны  ту  еткен қауым  қызға  жаны ашып,  таңдауына  қолдау  көрсетті.  Өйткені,  эвтаназия  Испанияда бір жылдың өзінде 426 рет жүзеге асқан. Бірақ Ноэлия оқиғасының халық назарын аудару себебі – Жоғары соттың эвтаназияны депрессияға шалдыққан адамға рұқсат етуінде. Бірақ қоғамда бұл шешімге қарсы болушылар да кезікті. Олардың айтуы діни, консервативті пайымға саяды. «Мұндай жағдай болғаны өкінішті әрине, бірақ та бұл мәселені «өлімсіз-ақ» шешуге де болар еді ғой» дейді кейбірі. Енді бір діншіл топ «Құдайдың берген өміріне  разы болу керек. Құлшылық етсең, бәрі жақсы болады» деп қайыр­ды.

Шыны  керек, эвтаназия  мәселесін  тек  сторителлиң немесе эмоция­лық аргументтер арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Бұл тақырып ғылыми зерттеулермен, нақты статистикалық деректермен, сонымен қатар қоғамдық пікірмен тығыз байланысты. Соңғы жылдары жүргізілген  зерттеулерде  эвтаназияға  тек  этикалық диллема деп қарамау  керек­тігі  айтылады.

Биоэтика саласын зерттеушілер эвтаназияны «адамның өмір сапасы күрт төмендеген жағдайда саналы таңдау жасау құқығы» деп бейнелейді. Бұл тұрғыда науқастың еркі, ақпараттандырылған келісімі және қайтымсыз медициналық жағдай негізгі критерий саналады. Сонымен қатар басқа ғалымдар эвтаназияның қауіпті жағына да назар аударады. Олардың пікірінше, әсіресе психологиялық немесе әлеуметтік қысым жағдайында қабылданған шешім толық ерікті болмауы ықтимал. Кей зерттеуде депрессия мен суицидтік ойлар эвтаназия сұранысына тікелей  әсер  ететіні  жазылады.

Статистикалық деректер эвтаназияның таралу ауқымының ке­ңейіп келе жатқанын дәлелдейді. Мәселен, Нидерланды елінде эвтаназия жағдайлары барлық өлімнің шамамен 5%-дан астамын құрайды. Ал Бельгия мемлекетінде соңғы онжылдықта бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Канада тәжірибесінде де эвтаназия (медициналық көмектесілген өлім) кеңінен қолданыла бастады. Ресми деректер бойынша соңғы жылдары бұл процедура елдегі өлім себептерінің елеулі бөлігіне айналып  отыр.

Алайда сандардың өсуі әрқашан біржақты оң тенденцияны білдірмейді. Кейбір сарапшы бұл жағдайды «қалыптану әсері» деп түсіндіреді, яғни қоғам эвтаназияны біртіндеп үйреншікті құбылыс ретінде қабылдай бастайды. Бұл өз кезегінде этикалық шекаралардың жылжуына алып  келуі  мүмкін  деген  алаңдаушылық  та  туындайды.

Қоғамдық пікір де бұл мәселенің күрделілігін айқын көрсетеді. Әртүрлі елде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде эвтаназияға қолдау деңгейі салыстыр­малы түрде жоғары. Мысалы, кейбір зерттеуде халықтың 60-70%-ы ауыр және жазылмайтын дерт жағдайында эвтаназияны қолдайтыны көрсетілген. Ал дәстүрлі және діни құндылықтары басым қоғамда бұл көрсеткіш  әлдеқайда төмен.

Сауалнамалар тағы бір маңызды жайтты көрсетеді. Адамдардың көзқарасы көбіне жағдайға байланысты өзгереді. Абстрактілі түрде сұралғанда қарсы болған респонденттердің өзі нақты ауыр дерт, тоқтау­сыз азап жағдайында эвтаназияны ақтауға бейім. Бұл эвтаназия мәселесі­нің тек қағидалармен қоймай, нақты өмірлік жағдайларға тәуел­ді  екенін  аңғартады.

Қазақстанда эвтаназия әзір заңдастырылмаған. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 154-бабына сәйкес, Қазақстанда эвтаназияға ресми түрде тыйым салынған. Заң құжатында бұл ұғым «жазылмайтын дертке шалдыққан науқастың өлімін тездету туралы өтінішін қандай да бір іс-әрекеттер немесе құралдармен (соның ішінде дәрі-дәрмек егу немесе оның өмірін жасанды түрде қолдап тұрған  шараларды  тоқтату  арқылы)  орындау»  деп  көрсетілген.

Дегенмен, ерекше жағдайларда, мәселен, мидың қайтымсыз өлімі тіркелген тұста, отандық дәрігерлер науқасты тыныс алу немесе өмірді қолдау  аппаратынан  ажыратуға  құқылы.

Заңгер Илья Князевтің айтуынша, эвтаназия адам өлтіру болып есептеледі. Егер қажетті айғақтар табылса, бұл істі жасаған адам сот алдында жауап береді. Заңгердің пайымынша, егер де билік эвтаназияға рұқсат берген  жағдайда  «тапсырыспен адам өлтіру» қаупі туындауы мүмкін.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: