Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттар еңбекке салынатын салықты төмендету мәселесін көтерді

01.04.2026, 12:30 71

ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында жалақы қорына түсетін салық және әлеуметтік төлемдер жүктемесін қайта қарау мәселесі көтерілді. Бұл туралы «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Депутаттар бүгінгі қолданыстағы жүйеде еңбек қатынасын заң талаптарына сай толық рәсімдейтін жұмыс берушіге түсетін салмақ тым жоғары екенін айтты. Олардың сөзінше, қазір жұмыс беруші салық агенті ретінде 7 түрлі салық пен төлемді әртүрлі есептеу тәртібімен аударады. Соның салдарынан ресми жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету қымбатқа түсіп отыр.

Сауалда орташа айлық атаулы жалақы 430 мың теңге болған жағдайда, шамамен 146 мың теңге түрлі төлемдерге жұмсалатыны келтірілді. Депутаттардың айтуынша, бұл қолына тиетін жалақыға шаққанда жүктеменің 41 пайыздан асып түсетінін көрсетеді. Мәжіліс отырысында қазіргі жағдайда жалдамалы қызметкерге байланысты түсетін жүктеме жеке кәсіпкерге қарағанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматпен салыстырғанда 9 есе жоғары екені де айтылды. Депутаттар мұндай айырмашылық көлеңкелі жұмыспен қамтудың өсуіне түрткі болатынын жеткізді. Соның салдарынан мемлекет салықтан қағылып, азаматтардың өзі толыққанды әлеуметтік қорғау мен зейнетақы жүйесінен тыс қалып отыр.

Депутаттық сауалда Ұлттық статистика деректері де келтірілді. Оған сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында ел экономикасында 9,3 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 7,1 миллионы – жалдамалы қызметкер, ал 2,2 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сонымен қатар жұмыспен қамту көрсеткіші мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерімен қамтылу арасындағы алшақтық әлі де елеулі екені атап өтілді. Халық қалаулылары бүгінгі таңда еңбекке түсетін жүктеме пайда мен дивидендке салынатын салықтан да жоғары болып отырғанын сынға алды. Олардың пайымынша, еңбекке шамамен 40 пайыздық жүктеме түссе, пайда мен дивидендке бұл көрсеткіш 25 пайыз шамасында. Бұл экономикаға жұмыс орнын ашқаннан гөрі, пайданы бөлудің тиімдірек екенін аңғартатын теріс белгі екені айтылды.

Сауалда Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнімі шамамен 137 трлн теңгені құрағаны, алайда оның құрылымындағы еңбек ақы үлесі небәрі 31 пайыз деңгейінде қалғаны да көрсетілді. Депутаттар мұны еңбек құнының экономикадағы нақты салмағы жеткілікті деңгейде бағаланбай отырғанының бір көрінісі ретінде атады.

Мәжілісте Мемлекет басшысының бұған дейін осы саланы жеңілдету жөнінде нақты міндеттер жүктегені де еске салынды. Атап айтқанда, 2021 жылы еңбекақы қорына түсетін жүктемені түсінікті әрі қарапайым ету, сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін жүктемені 25 пайызға дейін төмендете отырып, бірыңғай төлем енгізу тапсырылған болатын. Сонымен бірге фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылды сервистік модельге көшіру және салық жүйесін толық цифрландыру міндеті қойылған.

Депутаттардың айтуынша, бірыңғай төлем тетігі 2023 жылдан бері қолданылып келеді. Демек, мұндай жүйені кеңейтуге қажетті бастапқы инфрақұрылым қазірдің өзінде бар. Осыған байланысты олар еңбекақы қорынан төленетін барлық салықтар мен аударымдарды бір төлемге біріктіріп, шағын бизнес субъектілерінің барлығына салық режиміне қарамастан 20–25 пайыз көлемінде бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді ұсынды. Мәжіліс отырысында мұндай тәсіл жұмыс беруші үшін әкімшілендіруді едәуір жеңілдететіні, еңбек ресурстарының елеулі бөлігін көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдер базасын кеңейтетіні айтылды. Депутаттар тіпті жұмыспен қамтуды ішінара заңдастырудың өзі елеулі фискалдық тиімділік беруі мүмкін екенін алға тартты. Олардың есебінше, 500 мың адам ресми тіркеліп, ай сайын 200 мың теңге жалақы алатын болса, бюджетке қосымша шамамен 300 млрд теңге түсуі ықтимал. Ал бейресми жұмыспен қамтылғандардың барлығы заңдастырылса, қосымша түсім көлемі 1 трлн теңгеден асуы мүмкін. Сауалда бұл есептер мөлшерлемені төмендету әрдайым кірісті азайтпайтынын, керісінше базаны кеңейту арқылы түсімді ұлғайта алатынын көрсететіні айтылды. Депутаттар бүгінде таңдау айқын екенін жеткізді: не қазіргі жүйені сақтап, адал еңбекті ең қымбат модель ретінде қалдыру керек, не болмаса миллиондаған азаматтың ресми жұмыспен қамтылуына жол ашатын анағұрлым икемді тетікке көшу қажет.

Сондай-ақ депутаттар халықаралық тәжірибеде осындай үлгілердің тиімділігі дәлелденгенін атап өтті. Олардың сөзінше, Эстония, Ұлыбритания, Аустралия және Финляндияда соған ұқсас тәсілдер қолданылған.

Осыған байланысты «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметтен 2023 жылдан бері енгізілген бірыңғай жалақы төлемінің нәтижелері туралы ақпарат беруді, еңбекақы қорына түсетін барлық салық пен төлемді 20–25 пайыздық мөлшерлемемен бір төлемге біріктіру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ мұндай бастаманың фискалдық, әлеуметтік және зейнетақы жүйесіне ықпалын жан-жақты талдауды сұрады.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: