Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айдос Сарым: Көлік жүргізу құқығынан айырылғандар амнистияға ілінбеуі керек

01.04.2026, 11:20 57

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әкімшілік амнистия мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдіріп, көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтарды амнистия аясына қосудан бас тарту керектігін айтты.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әкімшілік амнистия қоғам тарапынан оң қабылданған. Оның айтуынша, бұл қадам әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға түсетін салмақты жеңілдетіп, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды шешімдердің бірі болмақ. Сонымен қатар Айдос Сарым амнистия аясын кеңейту жөнінде айтылып жатқан кей ұсыныстарға қатысты алаңдаушылық білдірді. Әсіресе жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға көлік басқару құқығын қайтару мәселесіне үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

Ол мұндай санаттағы азаматтардың басым бөлігі заңды бірнеше рет бұзғанын, мас күйінде рөлге отырғанын және жол қозғалысы ережелерін елемеу арқылы өзгенің өміріне қауіп төндіргенін айтты. Депутат оларды «жай құқық бұзушы» деп қарауға болмайтынын атап өтті. Айдос Сарым жуырда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатын мысалға келтіріп, мұндай оқиғалар қоғамда заңға деген сенімге сызат түсіретінін айтты. Оның пікірінше, адам өліміне әкелген, әсіресе мас күйде жасалған жол-көлік оқиғаларына қатысты жауапкершілік тетіктерін қайта қарап, жазаны қоғамдық қауіптілік деңгейіне сай күшейту қажет.

Депутат амнистия – мемлекеттің ізгілік танытуының көрінісі екенін, бірақ ол қоғам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекеттерге қолданылмауы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, заң шығарудағы басты өлшем – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі болуы керек.

Сондай-ақ ол амнистия туралы шешім қабылдағанда «осыдан кейін адамдардың өмірі қауіпсіз бола ма?» деген басты сұраққа жауап берілуі қажет екенін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: