Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қостанайда 51 млрд теңгенің қаржылық құқықбұзушылығы анықталды

27.03.2026, 17:10 59

Қостанай облысында жүргізілген мемлекеттік аудит барысында 51 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығыанықталды. Бұдан бөлек, 50 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және жұмсалғаныбелгілі болды. Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында айтылды. 

Аудит қорытындысы өңірде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері болғанымен, басқару мен жоспарлауда елеулі кемшіліктер барын көрсетті. Мәселен, 2020–2024 жылдары жергілікті бюджет кірістері 75 пайызға өскен. Бірақ соған қарамастан, 19 млрд теңге игерілмей бос қалған қаражат бола тұра, 30 млрд теңге қарыз алынғаны анықталған. Аудиторлар мұны шығысты жоспарлау мен борыш жүктемесінің өзара сәйкес келмеуімен байланыстырды. 

Өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың да орындалуы көңіл көншітпеген. Жалпы құны 188 млрд теңге болатын 8 жобаның 6-уы әлі іске қосылмаған. Оларды тек 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. 

Облыстың даму бағдарламасында да тұрақсыздық байқалған. 2022–2024 жылдары оны іске асыру жоспарына енген 12-ден 164-ке дейінгі бюджеттік инвестициялық жоба жыл сайын тізімнен алынып отырған. Бұл жоспарлаудың жүйелі жүрмегенін аңғартады. 

Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша да сұрақ көп. Аудит мәліметінше, 352 кәсіпкерлік нысанына 11 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілгенімен, олардың 179-ы жұмысын тоқтатқан, ал 168-і жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі міндеттемесін орындамаған. Бұл бөлінген қолдаудың тиімділігіне қатысты күмән туғызады. 

Жол құрылысы саласында да кемшілік анықталған. Тексеру кезінде 12 нысанда асфальт-бетон жабынының отыруы мен бүлінуі секілді ақаулар табылған. Мұндай олқылықтар бұрын жөнделген учаскелерден де шыққан. 

Ал мемлекеттік сатып алу саласында 12 млрд теңгеге бұзушылықтар тіркелді. Олардың қатарында талапқа сай келмейтін компанияларды конкурсқа қатыстыру, сатып алудың ерекше тәртібін негізсіз қолдану және төтенше жағдайды сылтау етіп, бір көзден сатып алу деректері бар. 

Медициналық нысандар құрылысына қатысты да күмәнді жайттар анықталған. Дәрігерлік амбулаториялар салу жобаларында медициналық жабдықтардың құны шамамен 200 млн теңгеге артық көрсетілген. Кейбір құрал-жабдықтар жобада көрсетілген бағадан 18–46 есе арзанға сатып алынғаны белгілі болды. 

Фото: Жоғары аудиторлық палата

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: