Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биыл Жасанды интеллект университеті құрылмақ

27.03.2026, 15:30 68

Мемлекет басшысы Үкіметке осындай тапсырма берді. Әрі Премьер-министр Қазақстан AI хабқа айналатынын айтып, халықаралық компанияларды зерттеу орталықтарын ашуға шақырды.

Олжас Бектенов Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, елде халықаралық компаниялар үшін зерттеу хабтарын ашуға қолайлы орта қалыптасып келеді. Үкімет басшысы бүгінде Қазақстанда әлемдік TOP-500 тізіміне енген өңірдегі ең ірі суперкомпьютерлік кластерлердің бірі — Alem.Cloud пен Al-Farabium іске қосылғанын атап өтті. Сонымен қатар NVIDIA компаниясымен серіктестік аясында тәуелсіз есептеу хабы құрылып жатыр.

Сондай-ақ Павлодар облысында қуаты 1 ГВт-қа дейінгі «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында деректерді сақтау мен өңдеуден бастап, есептеу қуатын ұсынуға дейінгі толық циклді инфрақұрылым қалыптастырылмақ.

Оның айтуынша, Қазақстанның бұл салада бірқатар нақты басымдығы бар. Атап айтқанда, электр энергиясының салыстырмалы қолжетімділігі мен сигнал кідірісінің төмендігі ел аумағын жоғары өнімді есептеу жүйелерін орналастыруға тартымды ете түседі. Премьер-министр Data Embassy форматын дамытуға да айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді. Бұл модель шетелдік мемлекеттерге өз деректерін Қазақстан аумағында сақтай отырып, оларға қатысты құқықтық егемендігін толық сақтауға мүмкіндік береді.

Үкіметтің алдағы міндеттерінің бірі — экономиканың негізгі секторлары үшін жасанды интеллектке қажет деректер қорын қалыптастыру және салалық тілдік модельдерді дамыту. Осы бағытта мемлекет өнеркәсіптік заттар интернетін және нақты уақыт режимінде дерек жинау жүйелерін дамытатын компанияларды қолдамақ. Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл экожүйенің маңызды буынының бірі — Астанада құрылып жатқан Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы. Аталған орталық зерттеу зертханаларын, акселерациялық жобаларды және білім беру бағдарламаларын бір алаңға тоғыстырып, технологиялық компаниялар мен индустриялық серіктестер үшін жаңа мүмкіндік ұсынбақ.

– Біздің міндетіміз – бизнеске жаһандық бәсекеде алға шығуына қажет құралдарды ұсыну. Осы ретте Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы технологиялық компаниялар мен индустриялық серіктестер үшін тартылыс нүктесіне айналуы тиіс. Біз халықаралық компанияларды Қазақстанда өз зерттеу хабтарын ашуға шақырамыз. Еліміз таланттарға, деректерге және өндірістік кейстерге қолжетімділік ұсына алады, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Президенттің адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын да атап өтті. Оның мәліметінше, AI-Sana бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 1 миллионға жуық азамат жасанды интеллект дағдылары бойынша білім алған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда TUMO мектеп орталықтарынан бастап технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға дейінгі толыққанды білім беру экожүйесі қалыптасып келеді. Google for Startups секілді халықаралық серіктестермен бірлескен акселерациялық бағдарламалар да осы бағытты күшейтіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Қазақстанда жаңа буын мамандарын даярлауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жасанды интеллект университеті құрылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: