Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эксперимент

27.03.2026, 6:20 53

Құрдасым Қопаштың үйінде жарық әлі жанып тұр. Шамасы әйелі мазасы кетіп, қожайынын күтіп жүр. Карантин бастал­ғалы ол жем жеген сиырдай оңалып қалды. Мұғалім. Есімі – Шапанай. Мектеп­ке бармайды. Үйде отырып бала оқытады. Қопашты күтіп, бөлмесінде ұялы теле­фонын шұқып отыр. Бір жарнамаға көзі түсті. Былай жазыпты: «Елудегі семіз әйелімді жиыр­ма бес жас­тағы екі қызға айырбас­таймын».

Құрдасымның бөшкедей қаты­ны көзі адырайып қызғанып кетті.

— Тапқан екен ақымақты, — деп, ежіктеп келесі жарнаманы оқыды.

«Мемлекеттік мекемеде қыз­мет ететін сүмек күйеуімді, ақша­сы көп мұнай-газ саласында жасайтын еркекке айырбастаймын»…

Мырс  етіп  күліп  жіберді.

— Менің  сүмелегім  ешкімге қажет емес пе екен? Бірақ, ол Құдайға  да  керегі  жоқ, — дейді.

Күйеуінің жұмыстан кешігіп жатқанына жыны қозып тұр. Мына бір жарнама тіпті қызық екен.

«Ағылшын ғалымдары былай эксперимент жасапты. Егер, күйеуің үнемі түнделетіп кешігіп келетін болса, бес минут бетіне бедірейіп үндемей қарап отырсаң, еркегіңді тереңірек танисың» депті.

Шапанай ернін шығарды. Қайта  оқып  шықты.

— Сонда қалай, жиырма бес жыл отасқан байымды мен білмей жүр ме екем? Ол терең емес, та­яз. Кейде  ғалымдар  да  оттайды, — деді.

Ал, егер рас болса ше? Дегенмен, Шапанай бұл тәжірибені жасап көргісі келіп ойланып қалды. Тап осы сәтте құрдасым қалбалақтап үйге кіріп келді. Мен білетін Қопаш ауылда жүргенде өте жуас еді. Артық сөз айтпайды. Досқа адал жан. Әйелі сағатына бір қарады да сазарып, оқтау жұтқандай үнсіз отырып  алды.

— Бәйбіше, тамақ дайын ба? Асқазаным аш иттей ұлып тұр. Бүгін жұмыстан кеш шықтым. Басе­кең пәтуа­сы жоқ жиналыс жасады, — деп, кінәсін  жуып-ша­йып  жатыр.

Шапанай  үндемейді. Эксперимент  жасап  отыр.

— Саған не болды? Күнде жар­қылдап аузыңа тыным жоқ еді. Ұртыңа топырақ толтырып алдың ба? Ааа, мені ішіп келді деп ойлап отырсың ба? Енді шаршағанымды басу үшін Мадиярмен сыраханаға барып бір стақан сыра тартып жібердім… Жарайды, үшеу. Шыным­ды айтсам, бес стақан іштім. Одан әрі мен көтере алмаймын. Мас болып қаламын. Қалтамда он мың теңге қалды. Міне, ала  ғой, — деп,  әйеліне  берді.

Шапанай тілін жұтып қойған­дай міз бақпайды. Көзінің қиығы­мен қол сағатына қарады.

— Япыр-ау, саған не болды? Ауырып қалған жоқсың ба? Әлде, менің шұлығыма тығып жүрген ақшамды тауып алдың ба? Енді, оны анда-санда құрдастармен карта ойнағанда керек болар деп салып қойғанмын… Сен, сарай­да қорапта тұрған отыз мың теңгені де тауып алдың ба? Оны сенің туған күніңе жинап жүрмін. Рас айтамын, — деп, қасына барды.

Әйелі  ала  көзімен  бір  қарады.

— Менің кредит алғанымды да білесің бе? Оны өзіме емес, жұмыстасым Гүлзияға алып бердім. Екі баласы бар. Күйеуі жоқ. Бірақ, ол өзі төлейді. Мен тек несиесін бір-ақ рет жаптым. Осының бәрін қайдан білесің? Әлде біреу айтты ма? Сен не, бәрін біліп қойдың ба? Алмагүлді де білесің бе? Онымен бір  рет кездестім. Жоқ, өтірік ай­та­мын, бір ай. Оған жалғыз мен емес, құрдасым Амандос та барды. Ой, жұрттың бәрі барып жүр, — деп,  сасқалақтап  қалды.

Мына сөзді естігенде Шапанайдың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Үндемей әрең отыр. Эксперимент біткен жоқ. Әлі екі-үш минут бар. Аяғына дейін шыдау  керек.

— Саған оны кім айтты? Ааа, білдім. Жәкетай екен ғой. Оның аузында сөз тұрмайды. Шапанай, оған сенбе. Нағыз оңбаған, тура өсекшінің өзі. Қап, Жәкетайға бекер сыр аштым… Сен, бәрін біледі екенсің, ендеше осының бәріне өзің кінәлісің. Мен еркекпін. Анда-­санда бізді еркелетуге бола­ды ғой. Үнемі қабағыңнан қар жауып жүреді. Анау базарда азық-түлік сататын Байгүлдің үйіне кірсең, шыққың келмейді, — деді де аузын қолымен басып тұрып қалды.

Ет қызумен сөздің көмейінен қалай шығып кеткенін білмей қалды. Бұл кезде әйелінің көзі ұясынан шыққысы келіп домаланып  тұр. Беті  жыбырлай  бастады.

— Сен, сонда бұл туралы да білесің бе? Байгүлдің үйіне баяғыда Зухрамен таныспай тұрғанда бір рет барып шай іштім. Арамызда ештеңе болған жоқ. Ал, Зухра… — дей бергенде Шапанайдың  жан  дауысы  шықты.

— Тоқтат, тура бес минут болды.

— Қандай бес минут? — деп, Қопаш  түк  түсінбей  тұр.

— Манадан бері саған эксперимент жасадым. Ағылшын ғалым­дарына басымды иемін. Ал, сен алдыма түс, осыншама жыл өтсе де сені танымай жүрген екенмін. Кім екеніңді тап қазір мо­йында…

— Бәрін өзің біліп тұрсың ғой? Не айтамын?

— Енді, бес минут отырғанда не болар еді? Таңертең шешеңді шақыр, ажырасамыз, — деді әйелі түкірігіне шашалып.

— Шапанай, ашуыңды  бас,  бүгін  қандай  күн?

— Бейсенбі. Ертең жұма.

— Жоқ.

— Бірінші сәуір.

— Ендеше, мен сені үндемей отырған соң әдейі алдадым, — деді.

— Түу, рас па? Уф, бәсе шошып кеттім. Айтпақшы, бүгін Алдар көсенің туған күні екен ғой. Жүрші, ыстық-ыстық қою сүт қосылған шай берейін, — деп, Шапанай күйеуін қолтықтап,  ас  бөлмеге  кетті.

Бірақ, шын мәнінде ағылшындық эксперимент жасалды ма, әлде Қопаш алдады ма, ол жұмбақ…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе   қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: