Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Арқауы – береке, ажары – мереке – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік алаң ұлттық нақышта безендіріліп, сахнада әсем әуендер шырқалып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат таратты.
Іс-шара «Арайлы» би тобының әсерлі биімен ашылып, әрі қарай жүргізушілердің құттықтау сөзімен жалғасын тапты. Мерекелік бағдарламада қала өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, ұлттық әндер мен билерден шашу шашты.
Мерекелік іс-шара барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев құттықтау сөз сөйлеп, қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала үздігіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Концерттік бағдарлама аясында «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі, «Ұлағат» әжелер ансамблі, жыраулар мен жеке орындаушылар өнер көрсетіп, көрермендерге ұлттық рух сыйлады. Сондай-ақ, жас өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салып, мерекенің мазмұнын арттыра түсті.
Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл мерекелік іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталған тағылымды іс-шаралардың бірі болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!