Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы қаласындағы Наурыз мейрамы

21.03.2026, 20:55 41

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы қаласының тұрғындары тіршілік атаулыға жан бітіп, Жер-Ана жаңаратын, күн мен түн теңелетін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық алаңда ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жиналған көпшілік мерекенің басты дәмі саналатын бауырсақ пен наурызкөжеден ауыз тиіп, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Ұлттық құндылықтар ұлықталған «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» атты мерекелік іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен зиялы қауым өкілдері, ел ағалары арнайы қатысып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

— Баршаңызды жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызды жыл болды. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басты. Осы жылдың 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі Ұлттық құрылтайтың бесінші отырысы өтті. Алқалы жиында көптеген тарихи шешімдер қабылданды. Соның бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен Елімізде жаңа Ата Заң жобасының әзірленуі. Мемлекет басшының жарлығына сәйкес елімізде 15 наурыз күні Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған республикалық референдум өтті. Республикалық референдумда Сыр өңірінің халқы мен аудан жұртшылығы жоғары азаматтық белсенділік танытып, ел бірлігінің жарқын үлгісін көрсетті. Президентіміз бүкіл халық атынан жаңа Ата заңымызға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Енді Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін боламыз. Баршаңызды жаңа Ата заңымыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын! Қазалы ауданының өркендеу жолындағы елеулі еңбектеріңіз бен туған өлкеміздің әлеуметтік-экономикасына қосқан еңбек жолындағы абыройлы істеріңізде табыс тілеймін! Қайырымдылық пен имандылықтың, бірлік пен достықтың бастауы – әз Наурыз мерекесінде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақыт, береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Аудан басшысынан кейін Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов жиылған жұртшылыққа ақ батасын беріп, елдің ауызбіршілігі мен амандығын тіледі.

Іс-шарада мерекеге орай ауданның өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа, қарапайым еңбек адамдарына Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.

Мерекелік іс-шара барысында аудан басшысы мен қонақтар қазақ халқының өмір салты мен дүниетанымын, тарихын, мәдениетін көрсететін бесікке салу, келін түсіру, сырға салу, қазан шегендеу сынды салт дәстүрлерін тамашалап, тұсау кесу рәсіміне қатысты.

Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, жиылған көпшілік мерекелік көңіл күйге бөленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: