Қызылордада Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар кең көлемде аталып өтті. Бүгін сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Биылғы Наурыз мейрамы Қызылордада айрықша сән-салтанатымен ерекшеленді. Қала көшелері ұлттық нақыштағы безендірулермен көмкеріліп, көктемнің шуағымен астасқан мерекелік көрініс тұрғындардың көңіл күйін көтере түсті. Жаңарудың, жасампаздықтың символына айналған мереке қарсаңында «Қайсар-арена» маңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылды.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бастамаларға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Сыр өңіріндегі оң өзгерістерге жоғары баға берген. Сондай-ақ облыс орталығында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталып, алдағы уақытта 400 және 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана, жаңа драма театры мен заманауи Президенттік кітапхана салынатыны жарияланған.
Өңір басшысы жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да қарқын алғанын айтты. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты ету жобасының бірінші кезеңі басталған. Бұдан бөлек, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы да биыл қолға алынбақ.
Мерекелік іс-шара аясында тігілген киіз үйлер маңында ұлттық қолөнер көрмелері, салт-дәстүр көріністері ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауы кесіліп, айдар тағу рәсімі өткізілді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға ізгі тілегін білдірді.
Наурыз думаны отандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!