Абай облысында Kaz Minerals тобына қарасты Орлов шахтасында қайғылы оқиға болып, бір жұмысшы көз жұмды. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға 19 наурыз күні Бородулиха ауданында тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, шахтада жүргізілген жарылыс жұмыстарынан кейін көмірқышқыл газының деңгейі күрт көтерілген. Таңертең жоспарлы жұмысқа түскен екі жұмысшы ес-түссіз күйде табылған. Оларға көмек көрсетуге барған учаске бастығы да газға уланып қалған. Оқиға салдарынан жұмысшылардың бірі қаза тапты. Қалған екі адам медициналық мекемеге жеткізілген. Кейбір жарияланымдарда зардап шеккендердің бірі ауруханаға жатқызылып, дәрігерлер оның жағдайын бақылауға алғаны айтылған.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріліп жатқанын хабарлады. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, мән-жайды анықтап жатыр. Компания да Орлов шахтасында жазатайым оқиға болғанын растады. Ресми мәліметте кәсіпорын басшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккен қызметкерлерге қажетті көмек көрсетілетіні айтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!