Сенат депутаты Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында музей саласын жаңғырту және жүйелі мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды.
«Өткенді ұрпаққа аманат етіп жеткізетін, тарихтың ең сенімді куәгері – музей. Онда жинақталған жәдігерлер – тарихтың үнсіз сөзі, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу – мемлекеттің тікелей жауапкершілігі. Музей саласының әлеуеті жоғары болғанымен, жүйелі мәселелердің де аз еместігі анықталды. Өңірлік және аудандық музейлердің басым бөлігінде инфрақұрылым тозған, экспозициялар ескірген, ғылыми және цифрлық әлеует жеткіліксіз», — деп атап өтті сенатор.
Үндеуде елімізде жүздеген музей жұмыс істейтіні, бірақ олардың даму деңгейі әртүрлі екені айтылған. Мәселелер әсіресе өңірлік және аудандық деңгейде қатты білінеді, онда инфрақұрылым тозған, ал кадрлық және технологиялық ресурстар шектеулі.
«Музейлерді тек бюджет есебінен жұмыс істейтін ұйым ретінде емес, мәдени капитал қалыптастыратын, туристік тартымдылықты арттыратын, жастарды тәрбиелейтін заманауи орталық ретінде дамыту қажет», — деді депутат.
Осыған байланысты музей саласын дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді, қызметкерлердің мәртебесі мен жалақысын көтеруді, цифрлық шешімдерді енгізуді және музей қорларын есепке алудың бірыңғай платформасын құруды қоса алғанда, кешенді шаралар қабылдау ұсынылады.
Сондай-ақ сауалда экспонаттардың сақталуына бақылауды күшейту, археологиялық олжалардың айналымын реттеу және сақтаудың заманауи шарттарын жасау, соның ішінде «Руханият орталықтары» үлгісімен типтік ғимараттарға көшу мәселесі көтерілген.
Көрнекі сурет: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!