Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкелер институты әлсіреп бара ма?

19.03.2026, 7:00 60

Бүгінгі  күні бала тәрбиесін сөз етсек, алдымен ана жауапкершілігі сынға алынатыны рас. Алайда, әкенің әкелік рөлі мен міндеті жайында көп тұста тек ер балаға қажетті қағидаттарды ғана түртетіні бар, тіпті кейде бұл тарау жабулы қазан жабулы күйінде қалатыны жасырын емес. Айтпағымыз да – осы ата-ана тәрбиесі, оның  ішінде  қазіргі  әкенің  тәрбиесіне мұқтаж  қоғам  айналасында.  Одан бөлек, «Отағасы» деген  атқа лайық ер-азаматтар азайған,  отбасындағы  әкенің  рөлі  төмендеген. Өйткені  оның  отбасындағы  орнын  табысы  анықтайтын  болған…

Ықылым заманнан отбасының құндылығы әке мен ананың жауапкершілігімен қалыптасқан. Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені, әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбие­сі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамау­ға тырысқан. Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақалдарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қал­ғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.

Тарихта  болған жайларды, бабалар ерлігін жыр­лап, шежірені тарқата айтатын дана қариялар қазақтың маңдайына біткен кең де дарқан даланың қасиетін сезіндіріп, бабалардың ерлігі мен көреген саясатының арқасында оның ұрпақтан-ұрпақ­қа мұра болып қалғанын бала жүрегіне жеткізе білген еді. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сес­кеніп  жүретін.  Әке  тәрбиесі   деген – осы.

Ал, қазіргі қоғам қалыптастыр­ған заманда әке тәрбиесі қай деңгейде? Әкелік тәрбиенің тең­гері­мі табысымен таразыға түсетін уақытта балаға берер рухани тәрбие мен қамқорлықтың материалдық ба­ғытына басымдық бере­тін болғаны­мыз рас. Дәуірдің дамығандығы ма әлде жауапкершіліктің жоқтығы ма? Жұмыс­басты ата-ананың айы­бы не? Қателік қайдан кетті?

Расын айту керек, бүгінгі күні әке беделі табысы­мен таразыланады. «Әлсіз әке – табысы төмен әке», осы сынды пікірлер біздің қоғамның қазіргі басты дертіне айналғаны шындық. Ал баланың тұлғалық дамуына, оның рухани құндылықтарының қалып­тасуына алдымен ана, онан соң әкенің қатты мінезі­нің де қажеттігі рас. Осы тұста, біздегі кей әкенің тәрбие түгілі, уақыт бөлуінің өзі – бір жұмыс. Ал баласы­нан безген борышкерлерді бұл тізімге қосудың  өзі  қате  сынды.

Балаға әке тәрбиесі – тек қамқорлық немесе материа­лдық қолдау емес. Бұл – жауапкершілік, тәртіп, өмірлік қағидалар мен шешім қабылдау қабілетін үйрету. Сарапшы, психолог Кәмшат Советқызының айтуынша, әкеден айырылған немесе жауапсыз әкелердің балаларында әлеуметтік адаптация төмен болады, оқу және  қоғамдық  өмірде  қиындықтар  жиі  кездеседі.

– Әке болмаған немесе эмоционалды қолдау көрсетпейтін отбасында өсетін балаларда сенімсіздік, өз-өзін бағалай алмау, кейде агрессия мен жалқаулық сияқты мінездік ерекшеліктер байқалады. Бұған қосымша, отбасындағы әкелердің қатысуының аздығы бала мен ананың психологиялық жағдайына да әсер етеді. Әсіресе, жасөспірім кезеңінде әке үлгісі болмаған жағдайда бала өзіне және айналасына деген сенімін жоғалтады, кейде қатал мінез-құлық немесе қорқақтыққа бейім болады. Дәл қазіргі уақытта үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің жігерсіздігінен балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға пайдасы жоқ болып өсіп келеді. «Жаман әкеден жақсы көрші артық» деген. Өкініштісі сол, кей әке беделінен айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді  болып  барады, — дейді  Кәмшат  Игембаева.

Бір дана «Біз мәпелеп, қиындықтан қорғап, ыстық-суығына өзіміз түсіп жүріп, баламызға қас­тық жасап жатырмыз. Кейін есейгенде өмірге бейі­мі жоқ, шыңдалмаған бала қиындыққа тап болса, морт сына­ды» деген екен. Соны білген аталарымыз жастайынан  ерлікке  тәрбиелеген  деседі.

Бұрынғының балаға деген тәрбиесін тізбектесек те, қазіргіні ілестіре алмайтынымыз айдан анық. Әкенің отбасындағы рөлінің төмендеуі – қоғамдық дерт. Ал әке институты әлсіресе, бала болашағына келер  кесірі  көп  екендігін  жоғарыда  атап   өттік.

Қазақта бір мақал бар: «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, баулыған соң батыр болады». Біз әдетте алдыңғы екеуін айтып, үшіншісін білмейді екенбіз. Баланы балапан құстай баулу туралы айтып отырмыз. Қазақ даласында әсіресе, ер балаларды ерлікке, батырлыққа баулитын әкелер мектебі болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал – соның айғағы. Бұдан бөлек, француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссо  былай депті: «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беру­ге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабі­летті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты».

Сонымен, әкенің тәрбиедегі орны мен маңызын осы отбасы  институтының  қабырғасы қалануында ең  қажетті  деген  қағидаттардың   қатарында  екенін  бағзы  мен  бүгінгі  замана  үндестігімен   үйлестіріп  көр­дік.  Қайткен  күнде де, әкенің  орны мен тәрбие­сі – 100 мектептің ілімінен де артық екендігі рас. Сондық­тан да, бала тәрбиесі бір ғана адамның емес, жат жұртта болса  да, туғаным деген әкенің қатысуын қажет  етеді.

Перизат  ЗАХРАДИН

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: